Хабар телеарнасы

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биылғы бидайды қаншадан сатып алатындығын мәлімдеуі мүмкін

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы алдағы бір апта мерзімінде биылғы бидайды қаншадан сатып алатындығын мәлімдеуі мүмкін. Бұл туралы Астанада өткен «EURASIAN AGRICOM» халықаралық конференциясында айтылды. Жиында астықтың сатылымына қатысты былтырғы қорытынды шығарылып биылғы жоспар талқыланды. Бүгінге дейін диқандарымыз астық алқабының 60% орып 6,9 млн тонна бидай жинапты. Болжам бойынша 10-12 млн тонна өнім аламыз деп күтілуде. Былтырғы көрсеткіш анағұрлым жоғары болды. Қамбаға 22,8 млн тонна астық құйылған. Қазақстан халқы жылына 5-6 млн тонна бидай тұтынады. Мұның ішіне мал азығы мен тұқымда кіреді. Демек биыл өзімізде ешқандай тапшылық болмайды. Қазіргі басты сұрақ шығынға ұшыраған шаруалардың жағдайын оңалту.

Евгений Карабанов, Қазақстан астық одағының ресми өкілі:
- Биыл астық бағасы тым болмағанда былтырғы деңгейде сақталса екен. Тоннасына 120-125 мың теңге шамасында. Сосын екінші өтініш диқандардың қарызын өтеуді олардың жағдайына қарай жарты жылдан 3 жылға дейін кейінге қалдырса. Мұндай жеңілдік аяққа тұрып шаруасын қайта жалғастыру үшін өте қажет. Сосын экспортқа шығуда да түйіткілдер бар. Ресейде бидайдың өнімділігі жақсы әрі сапалы. Сыртқы нарықта бәсекелестік жоғары болатын сияқты.