Хабар телеарнасы

Елімізде электромобильдер көбейеді

Әлем экологиялық тиімділікті алға қойып, электромобиль өндірісін жолға қойды. Сарапшылардың мәліметінше, биыл жаһандық сатылымда электр қозғалтқышы бар көлік 10% өскен. Бұл ретте отандық өнертапқыштардың еңбегін атап өтуге болады. Шымкентте автокөлікті электромобильдерге ауыстыру ісі қолға алынды. Іскер азаматтар тіпті шетелден де тапсырыс қабылдай бастапты. 

Қажет құралдарын шетелден алдырмай, жанармайсыз жүретін көлік жасауға біздегі шеберлер қауқарлы. Нұрсұлтан мен оның екі серіктесі бұл істі Ұлыбританияда студент болып жүргенде бастапты. Қазір 10-ға жуық автокөлікті электромобильге ауыстырған.

Нұрсұлтан Сейсенбаев, өнертапқыш:
-Әлемде экологиялық өндіріс дамып жатыр. Осы электронды конвертацияны көрген кезде, ойладық, Қазақстанға өте жақсы нәрсе болатын еді. Өз жұмысымызды тексеруге көп уақыт кетті. Жасау бір, екіншіден он тексеру керек. Адамға ол қауіпсіз болуы керек. Көбісі осы Ресейден келеді. Ол жақта қазір конвертацияға байланысты заң шығайын деп жатыр, заказдар шығып жатыр.

Еліміздің азаматтары АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінен электро қолғалтқышпен жүретін көліктерді әкеледі. Себебі бізде электромобильді құрастыруға заңмен реттелмеген. Шымкент қаласының әкімдігіне ұсыныспен шыққанда мардымды жауап болмағанын айтады.

Мына автокөлік үшін салықтар, алымдар, автокөлікті тіркеу мен кедендік рәсімдеуді толық төлеу қажет болады. Газ және жанармаймен жүретін көліктер жыл сайын қозғалтқыш көлеміне байланысты салық төлейді. Мәселен, 3000 болса, салық 14 мыңға жуықтайды. Ал 4 мың болса, 231 мың теңге. Оған екі есе қымбаттаған бензин бағасын тағы қосыңыз. Ал электромобиль иесі салықтардан босатылады. Экологиялық алымы да көзделмеген. Себебі қоршаған ортаға зияны жоқ. Қоғамдық қуаттау бекеттеріндегі қуат көзі арзан. Техникалық жөндеу жұмыстарды жиі қажет етпейді. Жүрген кезде қозғалтқыштың дауысы да шықпайды.

Алтынбек Жанбалиев, ІІМ Полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:
-Бүгінгі таңда электромобилдерді тіркеу қарқынды жүріп жатыр. Әрбір азамат елімізге бір электронды мобилді құралын әкеле алады. Осы 9 айдың ішінде 6600 көлік құралы тіркеліп үлгерді Қазақстанда. Электронды көліктерді қуаттандыратын бекеттер аз. Оның бәрі қолдауды қажет етеді.

Алматыда 52 қуаттау бекеті болса, елорда, Павлодар, Ақтау және «Астана-Щучинск-1» тас жолында 51 электр құю станциясы бар. Ал елімізге кірген электромобильдің саны бір жылда 11 мыңнан аса, қалғандары баж салығын төлеуге міндеттеледі. Ал биыл тіркелген электромобильдің көшін Алматы, Астана, Шымкент бастап тұр.

Анара Мақашева, Қазақстанның автокөлік одағының президенті:
-Өңірлердегі электромобильдерді жөндейтін, жанармаймен жүріп келген көліктің қозғалтқышын электронды жасайтын орындар заңды тіркелмеген. Оны алдағы уақытта тіркеп, қарастырамыз. Біздің елімізде қазір Trade-in бағдарламасы бар. Ескі көлікті, жаңа электронды машинаға ауыстыруға болады.

Франция билігі қолданыста болған электромобильдерге субсидия жасайды. Қазақстанның автокөлік одағының президентінің айтуынша, алдағы уақытта елімізде де осы көлік түрін қол жетімді бағада жаңа бағдарламалар шығуы бек мүмкін.

Авторлары: Диана Қадыр, Болатбек Табалдиев, Тоқтар Терликбаев