Қарағандыда ұлағатты ұстаздар марапатталды
Бүгін 5 педагог «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» атанды. Бұл соңғы жылдары өңір мұғалімдеріне беріліп келе жатқан жоғары марапаттың бірі.
Есжан Әміров еңбек жолын ауыл мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып бастаған. Бүгінде атағы бір атанға жүк болар ұстаз «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» атанды. Қандай биіктен көрінсе де қарапайым мұғалімдердің құқығын қорғаудан жалыққан емес.
Есжан Әміров, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры:
-Биылғы аттестация мен өткен жылғы аттестацияда көптеген бір қиыншылықтар болған, оның барлығы ретке келтірілді, Мемлекет басшысының қолдауы мұғалімдерге деген өте жоғары. Болашақта бұл мереке біздің жалпы халықтық мерекеге айналады деген ойдамыз.
Бұдан өзге 15 ұстаз облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталса, 9 ұстаз «Еңбек ардагері» атанды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев білім саласындағы әр ұстаздың шоқтығы биік екенін айтты.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Ел болашағы жастарды оқыту мен тәрбиелеу сіздерді әркез ардақты тұлға ретінде ерекшелеп тұрады. Елімізде білім көшін ілгері жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына деген құрмет әр уақытта ерекше. Сіздердің бүгінгі жарқын еңбектеріңіз еліміздің ертеңгі жарық болашағының кепілі.
Бүгінгі күні Қарағанды облысының мектептерінде 18 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Оның 2,5 мыңы ер азамат. Тағы 3500 мұғалімнің 30 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.