Аягөзде мыңнан астам тұрғын толарсақтан саз кешіп жүр
Абай облысы Аягөз ауданының мыңнан астам тұрғыны толарсақтан саз кешіп жүр... Өйткені жөні түзу жол жоқ. Мәселен, би Боранбай көшесінің тұрғындары 30 жылдан бері ойлы-қырлы балшық сүрлеумен жүруге мәжбүр. Ерте көктемде құбыр ауыстыру жұмыстары жүргізілген көшенің шұңқыр-тесігі қазір ойдым-ойдым жыраға айналған. Жергілікті билік қолға қаржы тисе дереу тегістеуге кірісеміз деп отыр. Бірақ тұрғындар: «әкімдіктің уәдесіне сенуден қалдық»,- дейді.
«Жаңа ауыл» деп айдар тағылған тұрғын үй ауданының орталық көшесінің сиқы мынау. Жылдың басында 300 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Ауызсумен қамтуға қазынадан миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Құбыр тартылған жолдар адам жүргісіз күйінде қалған.
Бағдат Байбатыров, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Осы көшені асфальттамаса да, ең болмаса тас төгіп, биіктетіп жасап беретін болса. Асфальт сұрап тұрған жоқпыз. Айтқанымызға 20 жыл болды мен өзім білетінім.
Орынжан Мырзаханова, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Жауын-шашын болған кезде жүре алмаймыз. Бала-шаға құлап жатады. Үсті-басы былғанып жатады. Бірақ құлақ асар пенде жоқ.
Әкімдіктегілер тұрғындар талабын орындайын десек, қысқа жіп күрмеуге келмей қойды деп отыр.
Ермек Мұқанов, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Талды және би Боранбай көшелерінде негізі жоба бәрі әзірленген тас төсеуге. Алайда қаржыландырудың болмауы себебінен жол әзірге тоқтатылып тұр. Қаржыландыру қалай болады, ол жерге тас төселінеді. Кейін орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Уақытын дәл қазір айта алмаймын.
Аягөздіктер аудан көшелерінің жарықтандырылу жағы да сын көтермейтінін айтады. Одан бөлек жаңа ауылға мектеп керек. Би Боранбай көшесінің самаладай жарқырап тұру шығыны есептеліп, сметалық жобасы жасалыпты. Бірақ ол да биыл қаржыландырылмайды. Ал білім ошағы жөнінде әкімдікте мүлдем әңгіме қозғалмаған.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов