Оралда мемлекеттік гранттардың негізсіз жұмсалғаны анықталды
Бизнесті қолдауға бағытталған қаржыны алу үшін кейбір азаматтар түрлі құйтырқы әрекетке барған. Мәселен, 14 адам бұрын сойылып, есептен шығарылған малдың құжаттарын ұсынған. Енді бірі туыстарының атындағы төрт түлікті сатып алғаны жөнінде жалған тауарлық чектерді өткізген. Сондай-ақ кейбір азаматтар бизнес-жобаларға бөлінген қайтарымсыз қаржыны қалтаға басқан соң ешқандай кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған. Прокуратура қызметкерлері қазына қаржысын кері қайтарып жатыр.
Азиз Нияров, қалалық Прокуратураның бөлім басшысы:
-Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот тәртібімен 8 қатысушыдан 5,1 млн теңге мөлшерінде соманы өндіріп алу туралы талаптар қанағаттандырылды, 2 тұлғамен 2,4 млн теңгені қайтару туралы бітімгершілік келісімдер жасалды, 4 тұлғамен мемлекеттік бюджетке берілген гранттардың сомасы ерікті түрде өтелуде.