Хабар телеарнасы

Теміртаулық екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан қайырымдылықпен айналысады

Теміртау қаласының тұрғыны екінші топтағы мүгедектігіне қарамастан қайырымдылықпен айналысады. Көлік апаты салдарынан бір аяғынан айырылған жан тағдырдың сынына төтеп беру үшін күресіп жүр. Ұл-қызы бар ардақты ана қолы қалт етсе қиын жағдайға ұшыраған жерлестеріне көмектеседі. 

Жанна Бакенова жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған бір аяқтың кемдігі кедергі емес. Құрылыс жұмыстарын әбден игерген. 2 бөлмелі пәтерді жөндеуді әрі кетсе, бір аптада аяқтамақ. Қабырғаны сылау мен тегістеу, одан қала берді бояу тіпті қажет десеңіз кафель төсеу - Жаннаның үйреншікті ісі.

Жанна Бакенова, Теміртау қаласының тұрғыны:
-Ең алғаш мен бір қарт әженің үйін тегін жөндеп бердім. Бас-аяғы бір аптаның ішінде оның үйінің шұрық-тесіктерін жамап, бояумен бояп бердім. Оның үйінің бастапқы кезі мен жөнделген кезін көргенде, өзім қатты қуандым. Кеудемді ерекше қуаныш кернеді. Содан бері мен тек бақытты жүзбен алға ұмтылуды, көмек қажет жандарға қол ұшын созуды өзіме міндет қылып қойдым.

Теміртаулық шебердің тағдыры да сан қилы. Балалар үйінде тәрбиеленген. Одан шыққан соң орта кәсіптік техникалық училищеде оқып, сылақшы мамандығын меңгереді. Енді аяққа тұрамын деп жүргенде, 2010 жылы жол-көлік оқиғасына түсіп, бір аяқты ампутациялауға тура келді. Бұл жағдай да жігерін жасытқан жоқ. Тоқыма тоқып, қаржы тапты, кейін массаж бен косметология курстарын оқыды.

Қайсар жанның бойындағы өнері - дертіне дауа. Би үйірмесіне қатысады. Әр дайындықтан кейін серпіліп, сергек жүретінін айтады. Жеткен жетістіктері мен марапаттары аз емес. Республикалық байқауларға дайындалып жүр.

Гүлмира Сейілханова, би үйірмесінің жетекшісі:
--2 жылдан бері дайындыққа келеді, бір дайындыққа кешіккен емес. Ауырып жатса да келеді. Өте мықты қыз, мықты ана, Жаннадай қызбен жұмыс жасағаныма мен қуаныштымын. Бұдан кейін де жұмыс жасаймыз, Алла қаласа. Біз үлкен республикалық конкурстарға қатысып жатырмыз, облыстықтан да орындар алып жатырмыз. Болашақта үлкен үміт күтемін.

Қайырымды Жаннаның жасаған жақсылықтары қайтарымсыз қалмады. Алматы мен Астана қаласынан келген демеушілер оған Теміртау қаласынан баспана сатып алып берген және күнделікті қозғалысына ыңғайлы болу үшін протез құнын төлеген.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар.