Жыл соңына дейін 300 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылуы тиіс
Сонда ғана жоспарланған жоба толық орындалады. Қазірге дейін 734 мың адам екі қолға бір күрек тапқан. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов межеленген істі жеделдетіп атқаруды тапсырды. Ал азаматтарды, әсіресе, жастарды еңбекке тартқанда мамандары тапшы бағыттарды назарға алуды ескертті. Мәселен, қазір энергетика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, IT, көлік және логистика салаларында кадр жетіспейді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Қалған 2,5 айда жоспарлы көрсеткіштердің бәрі орындалуы тиіс. Міндетті зейнетақы аударымдары бар, электронды еңбек шарттарының жасалуына ерекше назар аудару қажет. Еңбек нарығының кешенді жоспары әзірленді. Әкімдіктер осы жоспар аясында құрылып жатқан жұмыс орындарының сапасына баса назар аударуы тиіс.
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шағымданған. Ал соңғы 4,5 жылда 869 адам отбасылық кикілжің салдарынан көз жұмды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше, елімізде кеше ғана 111 жедел желісі іске қосылды. Аталған нөмірге жәбір көрген жандар хабарласып, тиісті көмек ала алады. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мұндай қылмысқа жазаның күшейтілгенін айтады. Мәселен, бұрын тұрмыста қасақана зиян келтіру бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, енді ол 6 жылға дейін ұзартылды.