Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді
Ал халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Отбасы – Қазақстанның тұрақты демографиялық дамуының негізі» атты халықаралық конференцияда айтылды. Жиынға елімізден бөлек Түркия, Венгрия, Чехия мен Ресейден сарапшылар жиналды. Сондай-ақ, Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосты. Мақсат – елдегі демографиялық үдерістерге биліктің назарын аударту. Мәселен, алдағы жылдары туу көрсеткіші аздап төмендейді деген болжам бар. Одан қалды жастар отбасын құруға асықпайды.
Найля Мұхтарова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
- Министрліктер өздерінің әлеуметтік-экономикалық жоспарларын жасаған кезде міндетті түрде демографиялық көрсеткіштер мен болжамдарды қолданудың маңыздылығын көрсету үшін жасап отырмыз. Мысалы, әр түрлі проблемалық мәселелер: 3 ауысымдық мектептердің болуы, сонымен қатар, балабақшада орындардың жетпеуі. Бұл мәселелер демографиялық көрсеткіштермен тікелей байланысты.