Өскемен әкімдігі жергілікті автопарктерге қарыз болып отыр
Өскемен қаласы әкімдігінің жергілікті автопарктер алдындағы қордаланған қарызы - 900 млн теңгеге жеткен. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын 8 компания атқарылған жұмыс көлемі туралы актіні уақытылы өткізсе де, 2 айдан бері дотациялық субсидияны ала алмай отыр. Сол себепті көлік компаниясының басшылары прокуратура шағымданған.
Бақылаушы органдар араласқаннан кейін уәде етілген қаржының бір бөлігі өтелді. Мұндай даудың бұған дейін де туындағанын айта кетейік. Бір ай бұрын монополияға қарсы қызмет өкілдері субсидияның дұрыс бөлінбеу дерегін анықтаған болатын.
Мұхамеджан Оразбаев, ШҚО прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары:
- Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімінің қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 900 млн теңгеге субсидия төленбегені анықталды. Қала прокуратурасының араласуынан кейін ғана бүгінгі таңда 700 млн теңге берешек өтелді. Қазіргі таңда төлемдер жалғасуда. Біз жағдайды бақылауда ұстап отырамыз.