Автожолдарды дамыту мәселелері талқыланды
Жыл соңына дейін елімізде жаңадан салынып, жөнделген автожолдың ұзындығы 10 мың шақырымға жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Оның 6,5 мыңы – республикалық маңыздағы, 4 мың 200 шақырымы жергілікті жолдар. Ірі жобалардан Үлкен Алматы айналма жолы, Қандыағаш – Мақат және Үшарал – Достық бағытындағы жұмыстар аяқталыпты. Құрылысы 4-5 жылға созылған Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан автожолдарының 1 мың шақырымға жуық бөлігінде қозғалыс ашылған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналуы тиіс. Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол үшін автомобиль жолдарының құрылысы, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету жобаларын іске асыруды жандандыру қажет.
Алдағы екі жылда 3 мың 600 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланған. Жалпы 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізі бойынша жұмыстар аяқталуы тиіс. Жиында жергілікті жолдардың да ахуалы талқыланды. Тұрғындар тарапынан сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты сын көп. Тек осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым түсіпті.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Ауылдың ішінде салынып жатқан жолдарға да экспертиза жүргізетін талап қойып отырмыз. Жолды өзі күтіп ұстауға, 10 жылдан астам мерзімге жауап беру қағидасы енгізіліп жатыр. Жолда ақаулықтар, кемшіліктер табылса, мердігер компания емес авторлық және техникалық қадағалауда болған компанияларда қос жауапты болып табылады.