Сапасыз бидай әлі шешімін таппай отыр
Мемлекет қосымша ақша бермесе, шаруалардың сапасыз астықты өткізу және келесі егін маусымына дайындалу мәселесі шешілмейді. Мәжіліс депутаттары осы сұраққа жауапты министрлік және компания өкілдерімен өткізген ұзақ талқылаудан кейін жағдайды Үкімет деңгейінде қарастыруды ұсынды.
Биыл еліміз бойынша 14 млн тонна астық жиналса, соның 5,5 млн тоннасының сапасы өте төмен. Нақтырақ айтқанда ешқандай класқа жатпайды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы: «аталмыш бидайды Пәкістанға, тіпті Африка елдеріне сатамыз»,- деп батыл мәлімдемелер жасады. Бірақ мәжілісмендердің ешбірі оған сенбеді. Оған негіз де бар. Бұл бағыттар бізден тым алыс болғандықтан тасымал шығыны тауардың құнынан асып түседі. Осыдан кейін астық одағы мәселені толық шешу бойынша жауаптылардың нақты жоспары жоқ екенін айтты. Ең жақсы деген сценарийдің өзінде сапасыз бидайдың жартысын сату мүмкін екен. Мұнымен диқандардың мәселесі шешілмейді. Үкімет тарапынан ақша бөлу керек деген ұсыныс осыдан туындап отыр.
Нұрлан Оспанов, «Қазақстанның астық одағы» ЗТБ төрағасы:
- Бізде екі бағыт қана бар. Орталық Азия мен Қытай. Ал сапасыз бидайды тек Қытай тарапы ғана алуға ниетті. Онда да аздаған мөлшерде ғана. Сосын мал азығына және спирт жасауға қолдана аламыз. Соның өзінде бізде 3 млн тонна сапасыз бидай қалады. Оны қайда жұмсаймыз. Жылдам шешім қабылдамасы бұл өнім тез бүлініп кетеді.