Атом энергиясы не үшін керек?
Астанада атом энергетикасын дамытуға қатысты халықаралық дөңгелек үстел өткізілді. Шараға еліміздің мамандарынан бөлек Ресей, Беларусь, Венгрия және Түркияның осы саладағы сарапшылары қатысты. Жиында атом қуаты - энергетикалық және технологиялық тәуелсіздіктің қайнарына баланды және ең бастысы көмірсутек қалдықтарының мөлшері төмен, яғни экологиялық таза энергия көзі ретінде әспеттелді. Соңғы жылдары қуат көздерінен тапшылық көріп отырған біздің ел үшін атомның рөлі қандай?
Берік Дүйсенбай, шолушы:
-Қарапайым мысал айтайын, модератор залда ұялы байланыс ұстамаса, вайфайдың паролін қосып алыңыздар, АЭС 2035 деп бәрін күлдіріп алды. Яғни егер Атом стансасын салатындай болып жатсақ, ол 2035 жылға жоспарланып отыр деп пайымдауға болады.
Сонымен Атом стансасы Қазақстанға керек пе деген мәселе 90-жылдардан бері көтеріліп келе жатқанын білесіздер. Кеше ғана еліміздегі іргелі Ақпараттық басылымдардың бірі оқырмандарының арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген екен. Жауап бергендердің 70% «АЭС керек» депті. Хош, керек-керек емес деген мәселеге қыркүйектегі жолдауында Мемлекет басшысының өзі «Патша көңілді халықтың таңдауына саламыз, референдум нәтижесі шешеді»,— деп мәлімдегенін білеміз.
2030 жылға дейінгі болжамды энергетикалық тепе-теңдік былай. Алдағы жеті жылда жылына 146,01 млрд квт/сағат электр энергиясын тұтынады екенбіз. Ал сол кездегі өндіретініміз 140,53 млрд кв/сағатты құрайтын болады.
Яғни 6 млрд квт/сағат қуат көзі жетпейтін болады. Жалпы тапшылық былтырдан бері байқалып отыр. Негізгі себеп халық санының артуымен байланысты тұтыну көлемінің өсуі және өндіріс орындары санының көбеюі. Мәселен қазір шамамен 120 млрд квт/ сағат электр энергиясы өндірілуде. Ол жыл сайын 3% артып, сол жаңа айтып өткен болжамға келеді. Астын сызып тұрып айтатын бір жайт АЭС салған күннің өзінде энерготапшылық жойылып кете салмайды. Мәселен, мына сандарға қарайық. 2035 жылға дейін қосымша қуат көздерін тарту жоспары бар. Оған сәйкес, тапшылықты жою мақсатында қуаты 5 гвт газ электр станциялары салынуы тиіс, 2 гвт су электр стансалары, көмірмен жұмыс істейтін стансалар есебінен 1,5 гвт, қалпына келетін қуат көздері есебінен 6 гвт және 2 гвт атом энергиясы.
Яғни қосымша 17 гегаватқа жуық қуат көзі қосылуы тиіс. Ал атом энергетикасы не береді деген сұрақты қойдық. Ол бірінші кезекте — экологиялық және экономикалық себептер. Біз үйренген жылу электр стансалары тарихтың қойнауына сұранып тұр екен. Олардың қондырғылары ендігіде шығарылмайды.
Асуан Сиябеков, «Қазақстанның атом электр станциялары» компаниясы, атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері:
-70%, 75% энергияның біз жылу электр станцияларынан аламыз. Олардың тозуы бар, бүкіләлемдік декарбонизация деп айтамыз, жаңағы көмертекті заттардың ауаға шығу мөлшерін азайту. Одан бөлек бізде жаңағы баламалы деп айтамыз, ГЭС, жел және күн энергиясынан алынатын көздер бар. Олардың мөлшері әрине аз. Соның барлығын ескере келе бізге базалық, таза жасыл энергия көзі керек. Оны тек қана біз АЭС-тен ғана ала аламыз.
Есте болса, Алматы облысының Үлкен ауылында, сол жерде атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық тыңдау өткізілді. Балқаш көлінің іргесіндегі кентке сексенінші жылдары ГРЭС салынуы керек болған. Халықтың дені қолдады. «Халықаралық атом энергиясы комитеті де аталған орын АЭС салуға жарамды»,— деп батасын беріпті.
Неге Үлкен? Себебі қазірдің өзінде еліміздің оңтүстік өңірінде 50% тапшылық бар екен және ол солтүстіктен тасымалданатын қуат көзі есебінен толтырылуда.
Тимур Жантикин, «Қазақстанның атом электр станциялары» компаниясының бас директоры:
-2018 жылы біз қуат көзі тапшылығына қатысты болжам жасадық. Есептеулер нәтижесіне қарасақ 2030 жылға дейін энерготапшылық тек оңтүстік өңірлердің өзінде 2,7 мегаваттқа жетеді екен. Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының АЭС салатын локация ретінде таңдалуы да осыған қатысты себептердің бірі және оңтүстікке электр энергиясын жеткізетін желілер жүйесі салынып жатыр.
Хош, АЭС салынатын болып жатса, 4 мердігердің кандидатурасы қарастырылып жатқанын білеміз және біздің оларға қойып отырған басты талабымыз - су реакторы негізінде жұмыс істеу керек, құрылыс жұмыстары мен мамандардың дені Қазақстандық үлеспен қамтылуы тиіс. Ал ядролық физика институты мамандарының өз ұсынысы, дәлірек айтсақ, бұйымтайы бар. Ол Атом стансасын салған екенсіздер, қосымша зерттеу реакторын да қойып беріңдер дегенге саяды. Аталған мекеме өзінің базасында тұрған зерттеу реакторының көмегімен онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтап, емдеуге септесетін радиофарм препараттарын шығарып жатыр. «Жаңа зерттеу реакторы келсе, өнімді көбейтіп, экспорттап, жылына 200 млн долларға дейін пайда табуға болар еді»,— дейді. Мұның сыртында, институт АҚШ-тың 4 бірдей ұлттық зертханасымен кіші модульды реакторларды зерттеп жатыр екен. Профессор Саябек Сахиев мырзаның айтуынша келешекте аса ірі атом стансасынан гөрі, шағын модульды реакторларды Қазақстанда көбірек салса абзал. Әңгіме атом энергиясын бейбіт пайдалануда. Ал ол электр энергиясымен шектелмейді. Жүздеген қосымша өнімдер алуға болады дейді.
Саябек Сахиев,ядролық физика институтының бас директоры :
-Түнгі уақытта электр энергиясы аз пайдаланылатын кезде ол атом электр станциясын сөндіріп тастауға болмайды. Ол бірден сутегін жасап шығаратын атом электр станциясын жасап жатыр. Сутегіні пайдаланатын орындары көп. Оны көлікті пайдаланудан бастап, одан тіпті аммиак өндіріп, аммиактан біз аграрлы елміз ғой, соған қажетті пестицидтерді, тағы басқа заттарды шығаруға мүмкіндік бар.
Хош, егер атом стансасы салынатын болса, оның құны шамамен 10-15 млрд долларды құрауы мүмкін. Экологиялық аспектісіне келсек – жыл сайын 10 млн тонна зиянды қалдық ауаға шығарылмайды. Экономикалық тиімділігі ауқымды жоба жүзеге асса 8 мыңнан аса жоғары біліктілікті талап ететін тұрақты жұмыс орындары ашылып, 2000 адамға жоғары дәрежелі атом маманы болу мүмкіндігі бар. Жыл сайын бюджетке 2-3 млрд долларға дейін салық төленеді деп күтілуде. Стансаның өзіне келсек оның қызмет мерзімі 60 жыл, уақытылы күтім және жабдықтарды жаңғырту есебінен жарамдылық мерзімін 100 жылға дейін жеткізуге болады. Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, жоба құнының жартысынан көбі қауіпсіздік жүйесіне бағытталады екен. Мамандардың айтып отырғаны осы.
Саябек Сахиев,ядролық физика институтының бас директоры:
-Су зерттеу реакторы бізде 56 жыл болды, жұмыс істеп келе жатқанына. Бір оқыс оқиға болған жоқ. Ал ол МАГАТЭ үшін мынау атом электр стансасы, мынау зерттеу реакторы, мынаған талапты төмендетейік деген шарт жоқ. Екеуіне талап бірдей. Сондықтан барлық Қазақстандықтарға айтарым, Алматының түбінде, 20 шақырым жерде, 56 жыл болды, атом электр станциясы бар деп есептей беріңіздер.