ШҚО-дағы Тарбағатай ауданында 6 медициналық пункт ел игілігіне берілді
Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында алты бірдей медициналық пункт ел игілігіне берілді. Осылайша жергілікті жұрт бұдан былай шалғайдағы орталыққа сабылмай-ақ өз ауылында сапалы медициналық қызмет ала алады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта инсульт орталығын, компьютерлік томография кабинетін ашу жоспарланған. Шекаралық ауданда білім саласы бойынша да бірталай шаруа атқарылыпты.
Шорға — шекара түбіндегі шағын ауыл. 450-ден астам адам тұрады. Мал бағып, балық аулаумен күн көріп отырған жұрт талай жылдан бері медициналық мекемеге зар болып келді. Осыған дейін мұндағы медбике мектептің бір бұрышында қызмет көрсеткен. Енді мінеки жеке дара ғимарат беріліп, заманауи жабдықталған медициналық пункт ашылды.
Төлеухан Қалиев, Шорға ауылының тұрғыны:
-Ауылдан ешкім көшпейді, Зайсан көлінің жағасында тұрамыз, жастарымыз көп мұнда тұратын. Балықпен де еңбек істейді, мал да бағады, жан-жақты. Ауылымызда осындай игі істер бола берсін.
Елжан Манарбеков, Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері:
-Тоғыз медициналық пункт ашу жоспарланған еді, соның алтауы биыл ашылды, үшеуі келесі жылға жоспарлануда. Сонымен қатар облыстан 500 шақырым шалғайда тұрғандықтан шалғайдағы аудан ретінде келесі жылы компьютерлік томография ашу жоспарлануда.
Білім беру саласында да жаңалық көп. Аудан орталығындағы Абай мектебі зияткерлік дәрежеде жұмыс істеуге қауқарлы. Ол үшін 250 миллион теңгенің құралымен жабдықталған.
Назигүл Әкібаева, Абай мектебінің директоры:
-Жаңадан телестудия кабинеті стен ладоротория кабинеті кабинеттері жаңадан ашылды. Бұл жабдықтардан негізінен бала білімінің деңгейін көтеруге үлкен көмегі бар. Себебі әкелінген заттардың барлығының балалардың талантын қабілетін дамытуға үлкен әсері көмегі болады деп ойлаймын.
Жуырда Шеңгелді ауылындағы оқушылар да жаңа мектепте оқитын болады.
Дархан Жөргекбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
-Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға береміз бе деп отырмыз. Мұнда айта кетерлігі бұрын негізгі мектеп болса, қазір 11 жылдыққа жеткізіп орта мектеп болды. Ол жердегі бала санының өсуі қуантып отыр. Көп жыл бойы біздің ауданнан кететін адамдар саны көп еді, биыл ол қарқын тоқтап енді көбею сатысына келе жатыр.
Елді мекендер және округ арасындағы жолдар да жөнделе бастады. Енді жыл соңына дейін үй кезегінде тұрғандарға 27 азаматқа пәтер беріледі. Бұның барлығы шекара түбінде тұрып жатқан ағайынның қалаға бет түзеуін тоқтатып, ауыл түтінін өшірмеу үшін жасалған қам.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов