Алматыда жаңа терминал аяқталып келеді
Алматы әуежайы жолаушы мен жүк тасымалы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі хабқа айналуы мүмкін. Мұнда жылына 80 мыңнан астам рейске қызмет көрсетіліп, 100 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Әуе айлағына иелік ететін холдинг басшылары осылай дейді. Халықаралық Алматы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылы жазға қарай пайдалануға беріледі. Осылайша әуе айлағы толық біткен жағдайда жылдық жолаушы тасымалы 14 миллион адамға жетеді. Қазір құрылыс 80% аяқталды. Жаңа жолаушылар терминалының ауданы 55 мың шаршы метр. Алматы әуежайы президентінің айтуынша, үш қабатты нысан халықаралық талаптарға сай. Келушілерді кезек күттірмес үшін паспорттық бақылау мен тіркеу бағанасы көбейді.
Серкан Каптан, әуежайды басқарушы холдинг президенті:
-Пандемияға дейін яғни 2019 жылға дейін 6,5 миллион жолаушыға қызмет көрсеттік. Биыл бұл көрсеткіш 9 миллионға жетеді деген болжам бар. Мен Алматыға құрылыс барысымен танысу үшін арнайы келдім. Енді алты айдан соң жолаушыларды жаңа терминалда қарсы алатын боламыз. Жүк көлемі артады. Осыған орай жаңа жүк терминалының ғимараты мен перрон салу жоспарымыз бар.