«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жаңа инвестор келді
Кәсіпорынды енді қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев басқарады. Бүгінде барлық келісімшарттарға қол қойылған. Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Мәміле құны қанша болды, өндірісте енді не өзгереді?
«АрселорМиттал Теміртау» несімен есте қалды? Теміртауға қара қар жауды, тұрғындар түтіннен тұншығуда, зауытта жарылыс, мынша жұмысшы жарақат алды, осынша адам көз жұмды. Қай жылды мысалға алсаңыз да «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты осындай келеңсіз жайттар жетерлік. Олардың көптігі сонша кейде санынан, кейде уақытынан шатысамыз.
Міне, соның бәрі қордаланып қоғамның наразылығын туғызып жүрген болатын. Биылғы қаралы оқиғалар мәселемен шындап айналысу керектігін көрсетті. Бір тоқтала кетсек. 2023 жылдың 17 тамызында «Қазақстан» шахтасында 5 кенші көз жұмды. Араға аз уақыт салып 28 қазанда «Костенко» атындағы шахтада жарылыс болып, 46 адам қаза тапты. Жалпы 1995-2023 жылдар аралығында мерт болғандар саны 150 адамнан асады.
Себептеріне келсек. Техникалық ақау, газ, адами фактор деген сылтаулар айтылды. Тоқ етерін айтқанда компания жауапсыздық танытып, инвестициялық және өзге де міндеттемелерді толық орындамаған. Әңгіме зауытты сатуға келіп тірелгенде, жаңағы олқылықтарға қарамастан кәсіпорын үшін 3,5 млрд доллар сұрапты. Бұл әрине, асыра сілтеу болды. Кейіннен баға ондаған есеге арзандаған.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- «АрселорМиттал Теміртау» мен «Ақтау құбыр зауыты» үшін шетелдік инвестор «АрселорМиттал Теміртау» 286 млн доллар алды. Оның елімізге деген ешқандай шағымы жоқ. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды. Енді жаңа инвестор компанияның барлық қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемелерін өз мойнына алады.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, мұндай мәмілеге келу үшін 11 раундттық келіссөз өткізіліпті. «Бұл жұмысқа Үкімет тікелей дәнекер болғанымен, мемлекеттің қаржысы шығындалған жоқ»,- деді ол. Сатып алу бойынша жұмсалатын барлық ақша отандық инвестордікі.
Кәсіпкер Андрей Лаврентьев 2010 жылдан бері еліміздің автоөндіріс саласында жүрген азамат. Ол сондай-ақ Қазақстандағы автобизнес қауымдастығын құрғандардың бірі. Шамасы ол енді өзін металлургия саласында да сынап көруге шешім қабалдаған сыңайлы. Оған қойылып отырған негізгі талап – жалақыны толығымен төлеу және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындау.
Сонымен қатар зауыттағы жабдықтауды жаңартып, өндірістік қауіпсіздік мәселелерін шешуі тиіс. Қауіпсіздік демекші, дәл осы тақырып Парламентте де талқыланды. Депутаттар алдында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндама жасаған болатын. Ол басқа қәсіпорындарда да апатты жағдайлар тіркелетінін айтып қалды.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20 жуық ірі апат болады. Негізінен жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын нысандарда, тау-кен және мұнай-газ өнеркәсіптерінде осындай оқиғалар тіркеліп жатады. Өндірістердің технологиялық жабдықтары күн өткен сайын тозып келеді. Кәсіпорындар көбінесе қауіпсіздік мәселелерін елемей, басымдықты қауіпсіздікке емес, пайда табуға қойған.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өкінішке орай, Лакшми Миталл мырза өндірісті жаңғыртуға ақша салған жоқ. Жабдық ескірген. Сондықтан бүгінде Үкімет жаңа инвестор 3 млрд долларға жуық инвестиция салуы керек деп отыр. Меніңше, бұл қаржы өндірісті оңтайландыруға, жаңа өнім шығаруды жолға қоюға және экологиялық жағдайды жақсартуға жеткілікті.
Құжаттарды рәсімдеу 2-3 күнде толық аяқталады. Кетерінің алдында «АрселорМиттал Теміртау» «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге жарна аударыпты. Қаржының бір бөлігі Теміртаудың, екінші бөлігі Қарағанды қаласының дамуына, әрі ондағы әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады.
Айта кетейік, компаниядағы жұмыс орындары мен ұжым толық құрамда сақталады. Бір өзгеріс компанияның атауы ғана өзгерді. Оған QARMETдеген тарихи аты қайта берілді.