Сарышұнақ аяз қазақстандықтарды әбігерге салды
Қыс басталмай жатып, бірнеше аймақта құбыр жарылып, халық жылусыз қалған болатын. Соған қоса қолайсыз ауа райына байланысты мектептер қашықтан оқу форматына ауысты.
Көкшетауда кеше кешкісін 700 миллиметрлік құбырдан ақау шығып, аязды күні 40 нысанда жылу қысымы төмендеді. Оның 13-і көппәтерлі тұрғын үй болса, қалғаны жеке сектордағы баспаналар. Олқылықтың орнын толтыруға 7 техникамен 30-ға жуық адам жұмылдырылды.
Руслан Мәкішев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры:
-Қазіргі уақытта құбыр жөнделді. Барлық үйлер мен мекемелерге жылу берілді.
Ал Ақтауда кеше он алты шағын аудан бір тәулікке жылусыз және ыстық сусыз қалды. Жөндеу жұмыстары түнде аяқталып, 9 метр құбыр ауыстырылды. Магистральдық жылу жүйесінің 72% тозған. «Ескірген құбырлар жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдамай жатыр. Сол себепті күніне 5-6 рет апат болады»,— дейді коммуналдық мекеме өкілдері.
Ислам Үсенов, «Каспий жылу, су арнасы» МКК басшысының орынбасары:
-Магистральдық жылу желісі жер астында. Бір жері жарылса су жер бетіне шыққанда немесе құбырдағы қысымның төмендеуінен білеміз. Авария тек жылу ғана емес, кәріз, ауыз су құбырында да күн сайын тіркеледі.
Балқаш қаласында да өткен түнде құбыр жарылды. Салдарынан бес көшеде қысым төмендеген. Арнайы штаб құрылып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге ауысты. Жалпы шағын шаһар бойынша жылу құбырларының 75% ескірген.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
-Казіргі таңда қала бойынша магистральдық және басқада жүйелерде жылу бар. Параметрлер түзелді. Қазір КСК мен Балқаш жылумен бірге 8 бригада қала бойынша жұмыс жасап отыр. Қалған 10 үйге жылу беру жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Атырауда Жайық өзені қатып, 3 су тазарту қондырғысы істен шықты. Салдарынан 9-10 желтоқсанда Атырау қаласының халқы сусыз қалды. Сондықтан шаһардағы барлық күш ауыз су жүйесін қалпына келтіруге жұмылдырылған. Қазір сусыз қалған 12 көпқабатты үйдің төртеуінде мәселе шешілді.
Ерболат Омаров, қала әкімінің орынбасары:
-Қалған 8 үй бойынша қазір жұмыстар атқарылуда. Тек қана ыстық су бойынша бұл жұмыстар жақын арада аяқталып, су қосылатын болады. Қазіргі уақытта қала бойынша 9 апаттық бригада жұмыс атқаруда.
Ал Петропавлда сақылдаған сары аяз коммундық қызметтің жұмысын тоқтатты. Өткен аптаның соңынан бері шаhардан қоқыс шығарылмай жатыр. Салдарынан көпқабатты үйлердің аулалары тұрмыстық қалдыққа толып қалған.
Әсем Айтұлова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
-Ауа райының сууы бұл мәселеге кесірін тигізбеуі қажет. Сол себепті бүгінгі таңда қоқыс шығармаған компанияларға қатысты айыппұл енгізілетін болады.
Қазгидрометтің болжамы бойынша қолайсыз ауа райы апта соңына дейін сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы 40-45 градусқа дейін төмендейді.
Авторлары: Самат Қайырденұлы