Астанада аязды күндері «тегін такси» жұмыс істейді
Елдегі мешіттер аязды күндері жаурап жүрген жандарды жылытуға асық. Иә, Астанада тегін такси бар. Бірақ ол аязды күндері ғана жолға шығады. Қайырымдылық жобасын «Әзірет Сұлтан» мешіті қолға алған. Мәселен, кешегі 30 градус суықта жүздеген автокөлік халыққа қызмет етіпті. Себебі «игі іске қаланың барлық мешіттері қосылды»,— дейді ұйымдастырушылар. Ең қызығы, аталған таксидің ешқандай нөмірі мен бағыты жоқ. Әрі оған көңілі қалаған кез-келген адам атсалыса алады. Сауапты іске әзірге мешіт еріктілері ғана үлес қосып отыр екен. Астанада басталған акцияға кейбір аймақтар да қолдау білдірген. Ал ауа райы қолайсыз күндері әдеттегі таксилер жолақысын 2-3 есе қымбаттатып жіберетіні белгілі.
Ілияс Отаров, «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкері:
- Басты мақсат – мешіттерден шыққан ондаған, жүздеген машина емес, керісінше бүкіл халық осындай игі істің маңызын түсіне білу керек. Әркім бір адамнан ала кететін болса, жыл он екі ай адамдар бір-біріне мейірімділік танытуы, адамдарға жәрдем беру арқылы атсалысып, қиындықты еңсере білуіміз маңызды.