Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды халықаралық еріктілер жылы деп жариялады
Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатында - «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялау туралы қарарды қабылдады. Бұл - волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігі.
Халықаралық еріктілер жылын жариялау туралы бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен 2020 жылы Бас Ассамблеяның 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында көтерген. Қазақстан бұл қарарды әлемнің барлық аймақтарынан пікірлес елдерімен бірлесіп ұсынды. Бұл құжаттың тең авторлығына ұйымға мүше 54 мемлекет қосылды. «Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән», – деген Президент Тоқаев бұл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңірудің маңызын үнемі айтып келеді.
Оливье Адам, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының бұрынғы атқарушы координаторы:
- Біз Қазақстанмен серіктестігіміз бен оның елде және бүкіл әлемде волонтерлік қызметті одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттемесін жоғары бағалаймыз. «Қазақстан әрқашан адамдарға көмектесуді дәстүрге айналдырған ел. «Асар» дәстүрінің – өзгеге көмектесу қағидалары қазақ халқының мәдениетінде ойып тұрып орын алғанын көрдім.