Үкіметте 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы мақұлданды
Қазақстан Үкіметі Президенттің Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдады.
Құжаттың маңыздылығы сол, ол елдегі ауыр әрі зиянды еңбекке жегілген 500 мыңға жуық адамның мәселесіне назар аударады. Жыл сайын Қазақстанда 2 мыңға жуық адам жұмыс орнында жарақат алады. Оның 200 астамы көз жұмады. Әсіресе ірі өнеркәсіп компанияларында өндірістік жарақат көп.
Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. «Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында осындай сын-қатерлерді төмендету, бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру және сақтандыру тетіктері қамтылған», - дейді Үкімет мүшелері. Кәсіпорындар енді соны қатаң сақтауы тиіс. Үкімет басшысы сонымен бірге Үкіметтің жыл бойғы заңнамалық жұмысын қорытындылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Биыл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, экономика және бюджет, медия, әлеуметтік саладағы бастамаларды іске асыру бойынша ауқымды істер атқарылды. Сонымен қатар заң жобаларын Әділет министрлігіне, Үкіметке және Мәжіліске енгізу мерзімдері бірнеше рет бұзылғанын атап өту керек. Жаңа жоспарды іске асыру кезінде заң жобаларын уақтылы енгізуге ерекше назар аударған жөн.