Хабар телеарнасы

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылады

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады. Ауқымды жұмыс аясында 2 млн 600 мың мұрағат материалынан құпия белгі алынып тасталды. 700 мыңға жуық іс архивке тапсырылды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин комиссияның 3 жылдық жұмысының нәтижесінде 311 мыңнан астам адам ақталғанын мәлімдеді.

Миллиондар тағдыры.«Аса құпия» белгісімен мұрағаттар түбіне жасырылған құжаттар. Тарих бедерінде өз орнын таппағандары қаншама. Енді сол қуғындалған ақтаңдақтар есімі ақталады, зерттеледі, дәріптеледі. Көмілген деректерді зерттеуге алған комиссияның үш жылдық жұмыс нәтижесі көңіл толқытады. 2 млн 600 мыңнан астам құжат ғасырлардан кейін жарыққа шығады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы: 
- Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамындағы зерттеушілер репрессия құрбандары атылған жүздеген жерді анықтады және оларды жаппай көмген орындардың арнайы картасын жасап шықты.

Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші бар. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60 астам мемлекеттік және ведомстволық архивте зерттеу жүргізді. Нәтижесінде 72 томнан тұратын жинақ әзірленді. Мәселе цифрда емес, тарихты зерделеуде.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, комиссия мүшесі: 
- Мәселе цифрда емес. Мұның маңызы, біз адамды сол кездегі Сталиндік террордан арашалап жатырмыз. Сол кездегі көшкен қазақтарды, қырылып атылған сол кездегі аталарымыз бен апаларымыз, талай сәбилер кетті. Тіпті мынау кейбірде архивтің қағазын тапқанда, көзіне жас келеді, МКВД-ның, УГКУ-дың хаттамалары бар, бір-біріне жазған хаттары бар, шошисың.

Саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығына 688 мыңнан аса іс пен 48 мың есепке алу карточкасы тапсырылды. Алда тарихи құжаттарды цифрлық форматқа көшіру міндеті тұр. «Бұл тарихқа жаңа көзқарас қана емес, жаңа есімдерді де қалдырады»,- дейді депутат.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
- Енді ол материалдардың бәрі зерттеушілерге, сондай-ақ ата-бабасын іздеп жүрген азаматтарға ашық болады. Жаңа әдеби, кинематографиялық, басқа да туындылар пайда болуы мүмкін. Сондықтан сол кезде азаттық үшін күрескен жаңа адамдардың аты-жөні, фамилиясы анықталуы ықтимал.

Ал әрі қарай бұл жұмысты саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырады.

Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев