СҚО-да 20 ауылда жарық жоқ
Солтүстік Қазақстан облысында 20 ауылдың халқы үш күннен бері жарықсыз отыр. Энергетиктер жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуын ауа райының қолайсыздығымен түсіндіреді. Өңірде 26 желтоқсан күні жаңбыр жауып, арты боранға ұласқан. Қатты желдің кесірінен электр сымдары үзіліп, шағын станциялардың барлығы істен шықты. Бүгінде төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды. 92 бригада жасақталып, мамандар жұмыс істеп жатыр. Жалпы бүгінгі күні аймақта электр желілерінің 95% әбден тозған.
Ерлан Қайырбеков, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Бірінші кезекте біз әлеуметтік нысандарды бақылауға алдық. Яғни орталық қазандықтар, аурухана, балабақшамен мектептерге генераторлар қойылды. Қазір жағдай облыс басшысының жіті назарында. Жұмыстар атқарылып жатыр. Техника бар. Сәтін салса ертең кешке дейін барлық елді мекенге жарық беріледі деген ойдамыз.