Қазақстанда қылмыс деңгейі 12% төмендеді
Апат айтып келмейді. Оның алдын алу және салдарын жою ісінің басында құтқарушылар жүреді. Олар осы жылы еліміз бойынша 76 мыңнан аса апатты құтқару шараларына қатысыпты.
Ішкі істер министрлігі де өз есебін жариялады. Қылмыс 12% төмендепті.
Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысы әдеттегіден қауырт болды. Абай облысында ірі орман өрті орын алып, 14 адам қаза тапты. Ал жалын шарпыған аумақ 42 мың гектарға дейін жетті. Ауа райыны қолайсыздығы және техниканың тозуы мен жеткіліксіздігі себепті құтқарушылар оны бір апта бойы ауыздықтай алмады. Осыдан кейін салаға қосымша ақша бөлініп, техника жаңартылды.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- 250 астам өрт сөндіру және арнайы техника, 2 мыңға жуық түрлі құтқару жабдықтары. Екі тікұшақ пен 70 астам пилотсыз ұшу аппараттары сатылып алынды. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Негізгі бағыттардың бірі - төтенше жағдайларды жоюдан оның алдын алуға көшу және халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Министрлік құрамында 27 мың адам қызмет етеді. Олар осы жылы еліміз бойынша 76 мыңнан аса авариялық-құтқару шараларына қатысқан. 22 мыңнан астам адамды эвакуациялап, 5 мыңға жуық азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Шетелге де барды. Атап айтқанда Түркия мен Ауғанстандағы жер сілкінісі болған аймақтарда адамдарды іздестіріп, қирандыларды ашуға көмектесті.
Ішкі істер министрлігі де өз есебін жариялады. Қылмыстың түрі көп. Дәл осы маусымдағы өзектісі барымташылар. Биыл мал ұрлаған 614 адам ұсталып, 112 қылмыстық топтың жолы кесіліпті. Мал ұрлу 14% азайған.
Өзге қылмыстарға тоқталсақ. Қарақшылық 28%, тонау 13, көшедегі құқықбұзушылықтар 8% төмендеген. Адамға зақым келтіру 2%, кісі өлтіру 11, бұзақылық 28% азайыпты.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жалпы қылмыстар саны 12% төмендеді. Бұл санмен алғанда 14 мың қылмысқа азайды. Қылмыстардың ашылуы да жақсарды. Бір жыл ішінде 70 астам ұйымдасқан қылмыстық топ және 9 трансұлттық қылмыстық топ жойылды. Көшелер мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артты.
Оған ықпал етуші фактордың бірі бейне бақылау кемералары. Еліміз бойынша олардың саны 1,2 млн жетіпті. Таспаның көмегімен полицейлер 9 мың қылмысты әшкерелеп, 500 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алған.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ол тек қана ірі қалалар емес, ауылға дейін жетуіміз керек. Бүгінгі күні әртүрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Құқық қорғау бойынша біз көптеген заңдар қабылдадық. Оның сыртында халықаралық заңадарды қарадық.
Нашақорлық және есірткі бизнесі. Онымен күресу үшін де технологиялық шешімдер қолданылуда. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 265 есірткі плантациясы жойылыпты. Ал синтетикалық есірткі жасаушылармен күрес әлдеқайда қиын. Кей сарапшылар Қазақстан орталық Азия бойынша оның негізгі өндірушісіне айналуда деп топшылайды. Статистикаға қарасаң оған негіз бар сияқты.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Құқық қорғау органдарымен 75 жасырын есірткі зертханасына тосқауыл қойылды. Есірткіге байланысты 6 мыңнан астам, алаяқтық сипаты бар 20 мыңнан астам заңсыз интернет ресурстары бұғатталды. Сонымен қатар ауыспалы номерлерден жасалған 43 млн қоңырауға тосқауыл қойылды.
Биыл қоғамдық резонанс тудырған бірнеше тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелді. Бұл онысыз да көптің жанына батып жүрген тақырып болатын. Барлық жайтты ескеріп онымен күрес механизмдері күшейтілді. 1 шілдеден бастап осындай қылмыс үшін 35 мың адам жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, жақындарына күш көрсетудің 80% жуығы мас күйде жасалған. Арақ ұрттағандар көлік тізгіндеуге де әуес екен. Сондай 20 мыңан астам жүргізуші ұсталыпты. 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. 9 мыңға тарта жалған нөмір тәркіленген.
Ердәулет Ыбырайұлы