Ақмола облысындағы 40 жуық ауылда электр энергиясы тапшы
Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының тұрғындары жарыққа жарымай отыр.
Нақтырақ айтсақ 40 жуық елді мекенде электр энергиясы тапшы. Тіпті кей ауылдың тұрғындары Жаңа жылдың қарсаңында жарықсыз қалдық деп налиды.
Аймақтағы электр энергиясына 20 жылдан бері жекеменшік бір компания жауапты. Бұл мәселеден жергілікті шенеуніктер де хабардар. Бірақ жекенің қолында болғандықтан қандай да бір шара қолдануға дәрменсіз.
Қазір қос тарап соттасып жатыр. Жалпы облыс бойынша электр желілерінің ұзындығы 30 мың шақырымға жуықтайды. Оның 70% ескірген.
Мұратбек Салықов, Айдарлы ауылының тұрғыны:
- Кішкентай бір жел болса свет сөніп қалады. Желтоқсанның басында 3 күн свет болған жоқ. Содан Жаңа жылдың алдында 29-30 күндері свет болған жоқ. 30 күні ауылдың жігіттері өздеріміз жиналып, өзіміз тауып, істедік.
Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта біз осы мәселе бойынша сотқа жүгіндік. Келтірілген шығын көлемін есептеп, сот арқылы өндіріп алуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ ауылдардағы ақауларды жөндеуге қосымша үш кәсіпорынмен келісім жасалды.