Қарағандыда құрылыс компаниясы 7 мыңнан астам ағаш егуге міндеттелді
Қарағандыда құрылыс компаниясының өкілдері қала аумағына 7 мыңнан астам ағаш егуге міндеттелді. Олар осыдан 1 жыл бұрын көпқабатты үй салу үшін жайқалып тұрған ақ қайың мен қарағайды әкімдіктің рұқсатынсыз отап кеткен.
Ол аздай, тамыры жұлынған ағаштарды қаланың сыртына отырғызғандай сыңай танытқан. Бірақ олар өсіп шықпады. Бұл тұрғындар мен экобелсенділердің ашуын тудырып, оны біздің арна тілшілері көрсеткен болатын. Қоғамдық резонансқа ұласқан мәселенің нүктесін экономикалық сот қойды. Енді олар жұлынған әр ағаштың орнына 50 түп жаңа тал егуі тиіс.
Гүлжан Тастанбаева, облыстық экономикалық Соттың судьясы:
- Уәкілетті орган серіктестікке ағаштарды кесуге рұқсат бермегендіктен, серіктестік 7200 түп ағаш қала аумағында отырғызуға міндеттелді. Сондай-ақ мемлекет кірісіне 17 млн астам залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.