Қызылорда облысында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді
Қызылорда облысының Қазалы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді. Олардың қатарында 250 орындық мектеп пен мәдениет үйі бар.
«Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі – аудандағы бірқатар мәселені шешуге жол ашты», - дейді мамандар.
Әйтеке би кентіндегі 200 астам бала аудан орталығындағы мектепке қатынап оқитын. Оларды тасымалдау үшін арнайы автобус берілген. Дегенмен оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар ауылдан мектеп салып беруді сұраған.
Әйгерім Мейірманова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
-Қыстыгүні тоңып қалады, жұмыста боласың, балаларымызды таксимен қатынататын едік. Енді мынау үйдің қасынан жақсы болды.
Үйінің қасынан мектеп ашылғанына қуанған үш баланың анасы тек Әйгерім ғана емес. Үшінші тоқсаннан бастап бұл білім ұясына 268 бала қабылданды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қазалы ауданында биыл тағы екі жайлы мектеп салынады. Оның бірі Жаңқожа батыр ауылынан, ал екіншісі Әйтеке би кентінен бой көтереді. Аталған оқу ошақтары іске қосылғаннан кейін аудандағы үш ауысымда білім беретін және апатты мектептер мәселесі толық шешімін табады.
Былтыр Қызылорда облысында 600 орындық мектеп пен 1850 оқушыға арналған төрт қосымша ғимарат салынды. «Жайлы мектеп» жобасы биыл да жалғасады», - дейді мамандар.
Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:
-Оның бер жағында 2023 жылы 10 жайлы мектептің құрылысы басталды. Биыл 2024 жылы 11 жайлы мектептің құрылысы басталады.
Қазалы ауданында бұған дейін мәдени көпшілік шараларды өткізу мен өнер үйірмелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ еді. Өйткені аудан орталығында тиісті талапқа сай мәдениет үйі болмады. Бұл мәселе де шешімін тауып, 600 көрерменге арналған залы бар жаңа ғимарат қолданысқа берілді.
Болат Жолтаев, Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:
-Үлкен республикалық шаралар өткізгенімізде, басқа да конкурстар өткізгенімізде тарлық етіп, халықтың көбі сыртта тұратын. Сырттағы бейнеқұралдар арқылы тамашалайтын еді. Бұл енді біз үшін үлкен сый болып тұр.
Былтыр өңірде 4 клуб пен 2 орталық қолданысқа берілсе, биыл 13 мәдени ошақтың құрылысы жүргізіледі. Олардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерен бой көтереді.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев