Дүмпулердің қайталану қаупі бар ма?
Еліміздің Төтенше жағдай құрылымдары жоғары дайындық деңгейіне көшті. Үкімет басшысы жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуді тапсырды. Дүмпулердің қайталану қаупі бар ма? Сейсмологтар болжамы қандай? Зілзаланың негізгі ошақтары Қырғыз-Қытай шекарасында болғанын ескерсек, көрші ел мамандарының да пікірі маңызды.
Еліміздің 6,5% аумағында зілзала қаупі бар. Әуелі Астанадан бастайық. Еліміздің бас құтқарушысы Үкіметте есеп беріп, жағдайды бағамдады. Айтарлықтай қауіп қатер жоқ, бірақ тас-түйін дайындық керек деді.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Түндегі оқиғадан кейін бір сағат ішінде менің төрағалығыммен Төтенше жағдайлар министрлігінің республикалық жедел штабы отырысы шақырылды. Өңірлерде де аумақтық штабтар жұмыс істеуде және өңірлердегі күштер жоғарғы даярлық тәртібіне көшірілді. Командалық штабтық машиналар сайланып, дабыл жүйесі мен құтқарушылар тобы толық әзірлікке көшті. Егер Алматыда жойқын зілзала бола қалса, еліміздің 15 өңірінен, 7 орталық мемлекеттік органдардан жиыны 55 мыңнан астам адам мен 9 мың бірлік техника тартуды жоспарлап отырмыз.
Үкімет басшысы басты міндетті қойды. Сейсимкалық қаупі жоғары елді мекендерде азаматтық қорғаныс күштері күшейтілген тәртіпке көшірілуі тиіс. Төтенше жағдайларды жоюға қатысты іс-шаралар жоспары қайта қаралуы керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Уақытылы хабарлама берілмегендіктен адамдар үрейге бой алдырды. 2,3-қабаттан секіргендер жапа шекті. Бұл хабарлау жүйелерін мейлінше ерте қоспағанның, халыққа ақпарат таратпағанның салдары. Бұндай жағдайда адамдарға нақты қалай әрекет жасау керектігін жеткізіп отыру керек. Зілзала қаупі бар өңірлерде оқу-жаттығу шараларын жиі өткізу керек деп есептеймін. Жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін тұрғындар білуі тиіс.
Төтеншеліктер хабарлама жіберілді дейді. Тек ол әртүрлі уақытта жеткен. Ал негізі алдын ала хабарлау үшін алдын ала нақты болжам болуы керек. Мәселен, «бүгін осы уақытта жер сілкінеді» деп дөп болжайтын технологияны адамзат әлі ойлап таппапты, өкінішке қарай.
Нұржан Хамит, Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
-Алдын ала болжам дегенде, ол берілмейді. Жалпы ондай технология жоқ. Ол бір ай бұрын айтылады, қашан болатыны. Бірақ қай күні болатынын айта алмайды. Ондай кезде өзіңіз білесіз, Алматы қаласының Төтенше жағдайлары департаментінің қызметкерлері шығып отыр қалаға. Эвакуация жұмыстарын өткізді және барлау жұмыстарын өткізді.
Яғни дүмпу бола қалған жағдайда жауаптылар шұғыл мән беріп, жұмылулары тиіс. Айта кету керек, көрші Қырғыз елінде де тура Алматыдағыдай жағдай болды. Осы ретте көршілердегі жауапты мамандардың жылдамдығын атап өтуге болады. Алғашқы дүмпуден соң 5 минут өте сала Бішкектің шеткі аудандарындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары көшеге шығып кеткен. Дей тұрғанмен Қырғызстанның сейсмологтары мен төтенше қызметтері жағдайды дұрыс бағамдап, халыққа уақытылы хабарлап отырған.
Азиз Эгембердиев, Қырғыз Республикасы ТЖМ дағдарысты басқару орталығының басшысы:
-Алғашқы дүмпулерден-ақ біз сейсмология институты мен Ыстық көл және Нарын облыстарының өңірлік бөлімшелерінен хабарлама алдық. Ең ауыр дүмпулер түнгі сағат бір шамасында болды. Жиыны 6 рет дүмпу болды. Соңғысы таңғы сағат 7-де тіркелді. Халық арасында дүрбелең тудырмас үшін біз өзіміздің веб-сайтымыз бен әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып отырдық.
Жалпы соңғы 5 жылда еліміздегі сейсмикалық құрылғылар 40 мыңға жуық жер сілкінісін тіркеген. Бірақ мамандар бұны геологиялық аймақтардың қалыпты сейсмикалық өмірі, ол қатты байқалмайды деп түсіндіреді. Десе де сол соңғы 5 жылда дүмпуі сезілген 66 жер сілкінісі болған екен. Сондықтан көрермендер үшін Сейсмикалық қаупі бар аймақтарды атап көрсеткен дұрыс деп таптық.
Еліміздің аумағы 2 млн 725 мың шаршы шақырым болса, соның 6,7% аумағында сейсмикалық қауіп бар. Өңірлерге тоқталсақ, бұл Маңғыстаудағы Каспий мұнай алабы және Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарындағы таулы аймақтарды қамтиды. Ішінара сейсмикалық зоналар кен орындары орналасқан Қызылорда, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлерімен қатар Абай, Павлодар және Қарағанды облыстары шектесетін бұрынғы ядролық полигон аумағында кездеседі. Сейсмикалық аумақтар қауіптілік дәрежесіне қарай түстермен айшықталған. Ашық жасыл түс 6 баллға дейінгі толқуды көрсетеді. Қою жасыл түс 7, сары түс 8 баллға дейінгі толқу қаупін айшықтаса, қызыл түс 9 баллға дейінгі толқу қаупін білдіреді.
Жалпы алғанда анау айтарлықтай жойқын зілзалалар бүгін-ертең бола қояды деген болжам жоқ. «Бұл сейсмикалық белсенді Тянь-Шань аумағында болған сілкіністің жаңғырығы, одан қорқудың қажеті шамалы»,— дейді Отандық сейсмологтар. Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Жаңағы картада көрсетілген аймақтардың тұрғындарына қауіпсіздік қобдишасын сайлап қойғандары абзал.