Ғылым саласында қандай кемшілік бар?
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын әлі де толықтыру керек. «Себебі енгізілген жаңашылдықтар өте аз. Заң мәтінінің 80% бұрынғы заңдардан көшірілген», - дейді Мәжіліс депутаттары. Жаңа заң депутаттарға несімен ұнамай қалды?
Мәжілістің комитет отырысы дәл осылай қызу басталды. Депутаттар: «ғылымның мәселесі бөлінетін қаржыны көбейтумен ғана бітпейді», - дейді. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, бізде ең алдымен ғалымдардың өнертабысын өндіріске енгізу қиын.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы жап-жаңа мен 2-3 адаммен кездесіп келіп отырмын. Әр жерге барып басын соққан, өзінің ғылыми жетістігін ендіре алмай жүр. Біздің ғалымдар не істейді? Жүреді, жүреді, болмаған соң архивке тастайды өзінің шаң-шаң қылып немесе басқа шетелге кетіп жатыр біздің разработкалар. Осы мәселені шеше ме сіздің мына алып келіп отырған заңыңыз?.
Жобаны қолданысқа енгізу үшін онымен айналысатын кәсіпорындарды ынталандыру қажет. «Ал ондай кәсіпкерлерге нақты жеңілдіктер қарастырылмаған» деп налиды депутаттар. Одан бөлек жас ғалымдарды қолдау әлі төмен.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен енді бірнеше жыл осы ғылыми институттардың басшыларын тағайындау комиссиясында болдым. Үлкен кісілер, көбіне бұрыннан істегендер жастарға бір жол бермейді. Президент: «Жастарды тарту керек», - деп айтады.
Дархан Ахмед-Зәки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Үлкен аға буын, асылтекті ағаларымызды жоққа шығара алмаймыз. Дәл сол философия бойынша алдында қалыптасқан ғылыми мектептердің басшылығында тұр олар. Қазір олардың өздері де келесі буынды тәрбиелеу үстінде. Мына жерде тікелей жас ғалымдар болсын деген норма жоқ. Бірақ ана тұрғын үймен қамтамасыз етуде норма бар.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Үйді мемлекет беретін бағдарламалар шеңберінде қарастыру», - дейді. Ол норма жазылмаса да алады, жазылса да алады. Сондықтан бұл жерге жастарды қолдаймыз десек, нақты бір тәсілдер қарастыру керек еді.
Депутаттардың көңілінен шықпаған тағы бір бап төлемақыға қатысты. Мәселен, Заң жобасында ғалымдарға арналған төлемдер тек мемлекеттік мекемелердің ғылыми қызметкеріне ғана тиесілі деп көрсетілген. Алайда еліміздегі ғалымдардың жартысынан астамы жекеменшік мекемелерде жұмыс істейді.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жаңа заңның жобасын депутаттар осылайша 1,5 сағат бойы талқылап, вице-министрге бүкіл кемшіліктерін жіпке тізгендей қылып айтып берді. Енді оның барлығы құжатқа түзету ретінде енгізілуі мүмкін. Бірақ талқылау бүгінгі жиынмен бітпейді. Мәжілісмендер оны апта сайын қараймыз деп тарқасты.
Дамир Берікұлы, Қанат Әбилдин