Әлемге су тапшылығы келе жатыр
Қазақстанда көлік жуу орталығы мен монша секілді суды көп тұтынатын кәсіп иелері суды қайта өңдеу технологияларын орнатуға міндетті болады. Бұл туралы Үкіметте Су ресустары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты. Қазір тиісті норма, жаңа Су кодексінің жобасына енгізіліп жатыр. Министрлік, тіршілік нәрі тапшылығының алдын алу үшін тағы қандай шараларды қолға алды?
Әлемге су тапшылығы келе жатыр. Сарапшылар: «Болашақта елдер арасындағы кикілжіңге дәл осы мәселе сеп болуы мүмкін»,— дейді. Ғаламдық проблема Қазақстанды да айналып өтпек емес. Мемлекет басшысы оның алдын алуды соңғы жылдары жиі айтып жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40% босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60% тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.
Бұл Президенттің былтыр 1 қыркүйекте айтқаны. Тапсырманы орындау үшін жауапты министрлік, су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлепті. Құжат бірнеше бағыттан тұрады. Алғашқысы су қоймаларын салу және жөндеу. Айталық, алдағы 6 жылдың ішінде 20 жаңа су қоймасының құрылысы және қолданыстағы 15 нысанды жөндеу, сондай-ақ, 14 мың шақырымнан астам суару арналары мен гидротехникалық желілерді жаңғырту жоспарланған.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
-Жоспарланған тәсілдерді іске асыру суды тасымалдау кезінде шығындарды 50% 25% азайту арқылы 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін және қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға және төтенше жағдайлар қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Бірақ «су қоймалары салынады екен» деп тіршілік нәрін бей-берекет қолдануға болмайды. Әсіресе егінді суару барысында асқан үнемшілдік қажет. Мәселен, қазір оңтүстік өңірлерде су арналарының ескіруінен судың жартысына жуығы далаға кетіп жатыр. Ал шаруалар шама келгенше су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Бірақ оның импорттық үлгілері қымбат. Сондықтан ондай техниканы елде шығару керек. Бұл жұмыс Түркістан облысына тапсырылды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
-Түркістан қаласының өндірістік паркінде құны 4,1 млрд теңгені құрайтын жылына 1 мыңға жуық дана жаңбырлатып суару машинасын шығару зауытының қазір 1-кезеңі іске қосылып отыр. Сонымен қатар құны 6,1 млрд теңгені құрайтын зауыт жобасы әзірленуде.
Үкіметтің жоспары бойынша қазір 312 мың гектар алқап су үнемдеу технологиясын қолдану қажет. Алайда бұл көрсеткіш бүгінде 84 мың гектар ғана. Яғни егіншілер жаңашылдыққа құлықсыз. Себебі басы артық шығын. Олар қалай ынталандыруға болады? Министрлік, енді шаруалардың тың технологияны енгізуге кеткен шығынының жартысын емес, 80% өтеп беруді жоспарлап отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
-Су тапшылығы және суды тұтынудың артуы кезінде ең алдымен су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте біз су тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқаруымыз қажет. Ұсынылып отырған тұжырымдама осы саладағы негізгі бағдарламалық құжат болады.
Саладағы тағы бір мәселе, Қазақстан қазір көрші елдердің су саясатына тәуелді. Себебі елдегі ең үлкен 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі — трансшекаралық. Сондықтан министрлік алдағы уақытта Өзбекстан және Қытаймен суды бөліп пайдалану туралы келісімге қол қоймақ.
Жауапты министрлік сондай-ақ су саласын цифрландыруды да қолға алады. Айтуларынша, қазір hydro.gov.kz сайты әзірленіп жатыр. Онда су қоймалары мен гидротехникалық желілердің, гидробекеттер мен су құбырлары жайлы барлық ақпарат болады. Тіпті су қоймаларында қанша су бар екенін де осы портал арқылы біліп отырмақ.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов