Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар патриоттық іс-шара өтті
«Медеу» таулы спорт кешенінде «Батыр» Президенттік полкінің әскерилері еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, әнұран шырқады.
Мемлекеттік рәміздер – қастерлі ұғым, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің, егемендігіміздің берік негізі. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев, мәдениет және спорт қайраткерлері, ҚХА және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Мұхаммед Омаров, ҚХА мүшесі:
-Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні – еліміздің осы тәуелсіздігіміздің символы. Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын көрсететін күн. Бүгін Алматы қаласының жастары, белсенді азаматтары саясаткерлер жиналып, осы біздің дәстүрге айналған жылда жасап жатқан, яғни дәстүрімізге келіп, Қазақстанның Мемлекеттік туын көтердік. Одан кейін Мемлекеттік гимн ойнады. Бұл әрекетті осы біз жылда кездесіп жасаймыз.
Мемлекеттік рәміздер күнінің құрметіне авто және велошабандоздар көк туды желбіретіп, қала көшелерімен жүріп өтті. Рәміздерді құрметтеу – отансүйгіштіктің белгісі.
Бейбіт Құсайынов, қалалық мәслихат депутаты:
-Енді әр ел, әр мемлекет үшін өз рәміздерін құрметтеу деген ең мықты, ең дұрыс нақты ниет деп ойлаймын. Өйткені кез келген елді тудан таниды ғой. Сондықтан біз үшін бұл іс-шара, бұл мереке өте үлкен, өте маңызды деп ойлаймын.
Дмитрий Баландин, Олимпиада чемпионы:
- Біздің Көк туымыз өте әдемі. Оны әлем халықтары наниды. Барша отандастарымды мерекемен құттықтаймын. Туымыздың тұғыры биік болсын.
Мерекелік іс-шаралар «Алатау» дәстүрлі өнер театрында және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында концерттік бағдарламамен жалғасады.
Авторлары: А.Садуақас, К.Амраев