1 мамырдан бастап Астана әуежайы түнгі уақытта жабылады
Себебі ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондықтан аэропорт: «Түнгі рейстерді қабылдай алмаймыз», - дейді. Ал бұл қашанға дейін созылады? Жолаушыларға қиындық тудырмай ма?
Дамир Берікұлы, шолушы:
- Астана әуежайы осындай ақпарат таратып, біраз адамды ойландырып тастады. Бірақ жауаптылар: «Бұдан қорқудың қажеті жоқ», - дейді. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Астана халықаралық әуежайы ұсынған мәліметке сүйенсек, олар Азаматтық авиация комитетімен бірге отандық және шетелдік әуе компанияларының өкілдерімен кеңесіп, әуежайдың жүктемесін зерделей келе, әрі жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында жөндеу жұмыстарын түнгі уақытқа қою туралы шешім қабылдапты. Бірақ құрылыс ұзаққа созылайын деп тұр. Себебі аэропорт 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін түн мезгілінде жабық тұрады. Нақтырақ айтсақ, 22:00-ден таңғы 6-ға дейін рейстерді қабылдамайды.
Тойгүл Жұбанысова, әуежайдың PR менеджері:
- Негізі әуежайдың ұшу-қону жолағындағы күрделі жөндеу 1 жылға жоспарланған. Алайда біз бұны 7 айдың ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Одан қысқа мерзімде күрделі жөндеуді жүргізу мүмкін емес. Өйткені ұшу-қону алаңының, жалпы әуежайдың аумағы үлкен.
Әуежайдың қолданыстағы ұшып-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмепті. Сарапшылардың сөзінше, мұндай жөндеу әр 10 жыл сайын жүргізілуі тиіс. Алайда Астана әуежайының жолағы қаржы жетіспеушілігіне байланысты кейінге қалдырылып келген екен. Ал жауаптылар құрылыс жұмыстары жолаушыларға кері әсер етпейтін айтады. Дегенмен кейбір ішкі рейстер көрші қалалар арқылы жасалуы мүмкін.
Сәрсен Жарылғасов, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
- Қарағанды аэропортына рейстер жіберілуі мүмкін. Қарағанды енді Астанаға ең жақын қала болғандықтан мұндай да нұсқалар қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта бүкіл авиакомпаниялар өздерінің кестелерін қарайды. Одан кейін тиісті хабарлама болады. Бірақ жалпы басым бөлігі Астана әуежайында болады. Тек уақыттары өзгеруі мүмкін.
Астана әуежайы арқылы жолаушылар тасымалы да жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2022 жылы 6 млн жолаушы аталған әуе айлағы арқылы ұшса, былтыр 7,5 млн жолаушыға қызмет көрсетіліпті. Елордадан қазір әлемнің 35 қаласына, ал Қазақстанның 18 шаһарына ұшақтар қатынайды. Аэропорт тәулігіне 200 астам рейсті қабылдайды. Ал оның жартысына жуығы түн мезгіліне келетін рейстер екен.
Абыл Кекілбаев, сарапшы:
- Астана әуежайы 24/7 жұмыс істеп тұр. Бірақ күніне 200 рейс деген оған көп емес. Менің білуімше, аэропорт қазір жартылай ғана жүктелген. Яғни оның қуаттылығы әлі сонша рейс қабылдауға артығымен жетеді.
Ал жөндеу жұмыстарымен әуежайды сенімді басқаруға алған араб компаниясы, яғни инвестор айналысады. Олар бұл мақсатқа шамамен 20 млрд теңге қаржы жұмсамақ. Көлік министрлігінің мәліметінше, биыл бірнеше әуежай жөндеу көреді. Мәселен, қазір Шымкент, Қызылорда, Алматы қалаларында жаңа әуежай жолаушылар терминалдары салынып жатыр. Олар жазға қарай пайдалануға беріледі. Сондай-ақ осы Павлодар әуежайының да ұшып-қону жолағы қалыпқа келтірілмек.