Қызылорда облысында 5 ауыл бақылауға алынды
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы тұсындағы Сырдария өзеніне қатқан мұздың қалыңдығы 18 сантиметрге дейін жетті. Бұл маңнан секундына 100 текше метр шамасында су өтіп жатыр. Мамандар су жайылуы мүмкін 5 қауіпті учаскені тәулік бойы бақылауға алған.
Олар – Жосалы кенті, Қармақшы, Иіркөл, Дүр Оңғар және Қызылтам ауылы. Су тасқыны болған жағдайда 47 техника мен жүзден астам адамды жұмылдыру жоспарланып отыр. «7 қабылдау және 5 эвакуациялық бекет дайын тұр», - дейді мамандар.
Дәуіржан Бисенбаев, азаматтық және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
- Оларды қорғауға бізде 69,7 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. Қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерінің барлығы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл бойынша біз тұрақы мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Барлық ауылдық округтерде су тасқынында бірінші кезекте пайдаланатын инерттік материалдар толық жасақталған.