Қоқыстан қашан құтыламыз?
«Өнеркәсіпті қолдау қорына» ақша «Жасыл дамудан» жіберіледі. Ол 15 жылға 3% беріледі. Өткен жылдың дерегіне сәйкес, елде 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Олардың тек 624 ғана экологиялық санитарлық талаптарға сай. Аталған орындарда 120 млн тоннадан астам қоқыс жиналған. Жыл сайын 4,5 млн қосылып отырғаны да бар.
Ал енді қоқысты шығару мен өңдеу проблемасына келсек, елде 82 мың контейнер тапшы. Сондай-ақ 935 қоқыс шығаратын арнайы техника жетіспейді. Оны сатып алған күннің өзінде сұрыптайтын желілер жоқ. Яғни қосымша 107 қоқыс сұрыптау зауыты керек. Талапқа сай келмейтін полигондарды тәртіпке келтіру қыруар қаржыны қажет етеді екен. Мәселен, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы осындай нысандарды реттеуге 100 млрд теңгеден астам қаражат керек. Оның сыртында заңдастыру талаптары да жергілікті кәсіпкерлердің оң жамбасына келе бермейді. Мемлекет талаптарды жұмсартып жатыр, бірақ одан қоқыстың мәселесі бүгін-ертең шешіле сала ма?
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а:
- Үкімет тарапынан бір іс-шара, бағдарлама жобасы қабылданған. Сол іс-шара бойынша 2026 жылға дейін мемлекетімізде 100 полигон, жаңа полигон, одан тыс 8 полигонның жалпы қуаты көбейтіледі. 5 полигон рекультивацияға жатады. Осы жұмыстардың барлығы жоспарлы түрде 2026 жылға дейін іске асырылады.