Хабар телеарнасы

Қазақстанның транзиттік әлеуеті артады

Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру — алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Президент шойын жолдың төңірегіндегі түйткілдердің түйінін тарқату қажеттігіне тоқталды. Вагондарды жаңарту, контейнерлер тапшылығын жою және магистральды желілерді кеңейту қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылысы жүріп жатқан бірнеше маңызды жоба бар. 
Атап айтқанда «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желілері және «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші темір жолдың салынуы елдің транзиттік әлеуетін анағұрлым арттыра түседі. Мәселен, «Достық – Мойынты» теміржол желісі іске қосылғаннан кейін аталған бағытпен тасымалданатын жүк көлемі 5 есе артса, «Бақты-Аягөз» жаңа теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.

Әділ Каукенов, қытайтанушы:
-Қазақстан Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бастамасына қосылғаннан кейін біз арқылы өтетін бағыттар тек екі ел арасындағы ғана емес, құрлықаралық бағытқа айналды. Мәселен, қазір Қытайдағы Ляньюньганнан немістің Дуйсбург қаласына, Лондонға, Испанияға жүк тасымалданады. Бұндай бағыттар көп. Тауар айналымы да артып жатыр. Сәйкесінше Қазақстан құрлықтарды байланыстырып тұрған транзиттік хаб ретінде теміржол желілерін әлі де дамыта беруі керек.