Боран соғып, жолдар жабылды
Бүгін еліміздің көптеген аймақтарында жел күшейіп, боран соғып тұр.
«ҚазАвтоЖол» деректеріне сәйкес сағат 16:00 жағдай бойынша ауа райының нашарлауына байланысты еліміздің 14 өңірінде облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабық. Төтенше жағдайлар министрлігі аймақтарда республикалық және облыстық жедел штабтар құрылғанын хабарлады.
Қарағанды - Астана автожолында 300-ге жуық көлік кептелісте тұрып қалды. Дүлей дауыл Шахтинскіде аурухана ғимаратының шатырын ұшырып әкетті. Зардап шеккендер жоқ.
Ал Ақтөбе облысында облыс орталығындағы көптеген шағынауданда электр жарығы өшкен. Кейбір үйлердің тұрғындары ауызсусыз отыр. Жедел штаб құрылып, шұғыл іске кіріскен. Боран салдарынан Ақтөбе облысындағы барлық бағыттағы жол жабық. Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Шаһардағы көпқабатты үйдің шатырын жел ұшырып әкетті. Ешкім зардап шекпеген. Ауа райына байланысты Астана, Алматы мен Атырау бағытындағы 4 әуе рейісі кейінге қалған. Өткен тәулікте қар құрсауында қалған 140 жолаушы құтқарылды.
Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы мен 5 ауданы электр жарығынсыз қалды. Қазіргі дерек бойынша желідегі ақау қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ осы аймақта мал іздеуге шығып, адасып кеткен екі адам іздестіріліп жатыр. Түнде Бәйтерек ауданында қар құрсауында қалған 8 адам құтқарылған. Қазір ауа райының күрт бұзылуына байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылған.
Афродита Пірімжар, «Қазгидромет» РМК инженері:
-Еліміздің солтүстігінде желдің екпіні 23-28, кей уақыттарда 30 метр секундқа дейін күшейеді. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Солтүстік аймақтарда қатты қар бұрқасын болады деп болжануда. Еліміздің батысы мен солтүстік-батысында 10 ақпанға қарай ауа температурасы түнде 12-20 аязға дейін төмендеуі күтілуде.