МӘМС үмітті ақтады ма?
Былтыр елімізде 27 мың адам тиісті медициналық көмектен қағылған. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің өкілдері айтты. Бірі тегін дәрі-дәрмек ала алмаса, енді бірі емханаға тіркелуден қиналған. Оның сыртында түрлі сұрақпен 900 мың адам қор мамандарынан көмек сұрапты.
Соңғы кезде МӘМС жүйесіне қатысты сын көп айтылып жүр. Ал Президенттің сынынан кейін өздеріндегі жағымсыз деректерді МӘМС-тегілер осылай ашық айта бастады. Сала жұмысында тағы не өзгеріс болуы мүмкін?
2018 жылы көпшілік осы жарнамаға сенді. Бұл – МӘМС енді көшкен кезімізде жүйені насихаттау үшін жасалған көп бейнероликтің бірі. Бірақ онда айтылғандай тиімділікті қазір көріп жүрміз бе? Мәжіліс депутаттары осы мәселені бірнеше рет көтерді. Жағдайды түсіндіру үшін науқастың хатын да оқып берді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Биыл өз басымнан өткен оқиғаны қараңыз»,-дейді. Ауырып терапевтке жазылдым. Ол онкологқа жіберді. Онкологқа кезек күтіп бардым. Онколог: «Анализ тапсыру керек»,- деді. Анализге жолдаманы тек терапевт береді екен. Қайтадан терапевке жазылып, қайтадан терапевтке бардым. Одан направление алып, облыстық ауруханаға бардым. Сөйтіп 3 ай жүрдім. Сол 3 айда жынданып кете жаздадым», - дейді.
Бұл – тірі науқастардың басындағы ахуал. Есесіне марқұм болып кеткендерге медициналық көмек сапалы көрсетіледі екен. Депутаттар бұған да дәлел келтірген болатын.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Астана қаласының Прокуратурасы 2023 жылы тексеріс жасаған. Ол тексерістің нәтижесінде 2500 адам заңсыз «мертвые души» дейді, өлген адамды қоя берген. Яғни іс жүзінде ауырмаған адамдар, кейбірі қайтыс болып кеткен, кейбірі Астана қаласында тұрмайды.
Еліміз бойынша МӘМС қорына қазір 16 млн адам жарна салып отыр. Сөйте тұра олардың кейбірі тиісті көмегін бірден ала алмайды.
Әсел Досболқызы, қала тұрғыны:
- Таяуда мұрныма операция жасау керек болды. Больницаға барсам, базада жоқсыз деп қабылдамады. Ал мен бұл кезекті 1 жылдай күттім. Сөйтіп ОСМС-тің колл-орталығына арызданып хабарластым. Әйтеуір 2-3 күнде мәселем шешіліп, операциям жасалды. Әйтпесе кезегімді тағы да бір жыл күтуім керек болатын.
2023 жылы МӘМС колл-орталығына 900 мыңнан аса қоңырау келіп түссе, оның 27 мыңы түрлі арыз-шағым. Ең көбі медициналық көмектің сапасыздығы. 10 мыңан асады. Көмек көрсетуден бас тарту 8 мыңға жуықтайды. Медициналық көмекті ұзақ күту, дәрі-дәрмек беруден бас тару фактілері 1800 дейін жетеді. Медициналық мекемеге тіркеуден бас тарту – 966.
Бұл – мәселенің қоғамдық сипат алғандығының көрінісі. Halyq партиясы төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев фейсбукте «жүйе сенімнен шықты ма?», деп бұрынғы министр Елжан Біртановқа сауал қойды.
Елжан Біртанов, экс-министр:
- Мен МӘМС жүйесін енгізудің дұрыстығына сенімдімін. Сарапшылардың басқа пікірімен де келісемін, 2020-2023 жылдар аралағында болған МӘМС жүйесін енгізудің бірінші кезеңі сәтсіз аяқталды. Себептері көп.
7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта МӘМС жүйесін сынға алды. Бес жылда саланың бюджеті 2 есеге артып, биыл 2,6 трлн теңге бөлініпті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс.
Қандай өзгеріс болады? Осыны білу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық сақтандыру қорына 5 сауал сауал жолдадық. Берген жауабы келесідей.
2024 жыл консультативтік-диагностикалық қызметтерге МӘМС жүйесінде 176 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Оның ішіне мамандардың консультациялары, анализдер, зерттеулер, соның ішінде КТ/МРТ, ренгтен, УДЗ, ЭКГ кіреді. Биыл қор 2 мыңға жуық медициналық ұйыммен келісімшарт жасады.
Ал қолға алынатын нақты өзгерістер жайлы үн қатпаған. Бұған қатысты жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың ұстанымы қандай?
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі еліміз үшін қажет. Оның жұмысын жетілдіре түсуіміз керек. Бұл бағытта зерттеу жүргізіп, жұмысты жақсартуға тырысамыз. Бүгінгі таңда қандай сұрақтар жиі көтерілетінін зерделеп, министрлік тарапынан оларды шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз.
Дегенмен жаңа министр өзгеріс басталатын нақты мерзімді айтпады. Жалпы әңгіме МӘМС-ке қатысты болса, бәрі үнсіз болып қалады. Ол өзі құрылғалы жабық ұйым, жабық жүйе. Ресми сайтына да арнайы кіріп көрдік. Салымшылар саны бірден көзге түсті. Ал медициналық қызмет пен оған төленген қаражат көрсетілмеген. Оның төменгі жағында 2023 жылдың 1 тоқсанындағы, яғни ескі ақпараттар тұр. «Осыдан кейін алдағы уақытқа болжам жасаудың өзі қиын», - дейді сарапшылар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов