Көші-қон заңнамасында өзгеріс: педофилдерге елге кіруге тыйым салынады
Қазақстанға сырттан келген педофилдерге кіруге тыйым салынады. Жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдарды шекарада Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтайды. Мәжіліс бүгін халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Аталған құжаттарда тағы қандай өзгерістер бар?
Көші-қон заңнамасына біраз өзгеріс бар. Заңдағы ең басты өзгерістердің бірі әрі бірегейі – кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсеткен адамдардың елге кіре алмауы. Олардан бөлек экстремистік және террористік ұйымдардың өкілдері мен ірі қылмыстық топ мүшелеріне Қазақстанға жол жабылады. Сәйкесінше азаматтық та ала алмайды. Қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығын алу да оңайға соқпайды.
Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ол қазақ тілін, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білу. Одан кейін Ата заңымыз Конституцияның негіздерін білу. Сол секілді Қазақстан тарихынан хабардар болу.
Осы тұста айта кету керек, өткен жылы 39 мың шетелдік Қазақстан азаматтығын алыпты. Жартысына жуығы - қандастар. «Бірақ жоғарыда айтылған талаптардың этникалық қазақтарға еш қатысы жоқ. Керісінше олардың атамекенге келіп, Қазақстан азаматы атануына барлық жағдай жасалады»,— дейді депутаттар.
Мәселен, 2023 жылы 21 мыңнан астам адам «қандас» мәртебесін алған. Олардың жартысынан астамы Өзбекстаннан көшіп келсе, төрттен бірі Қытайдан қоныс аударған. Ал 10% - Моңғолиядан келгендер. 9% Түрікменстаннан, 7% жуығы Ресейден Атажұртқа оралыпты. Енді қандастардың басында болатын түрлі қиын жағдайлар да ескеріліп, жеңілдік жасалады.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бізде түрлі жағдайлар болған. Мәселен, этникалық қазақ ер адам өзінің балаларымен Қазақстанға көшіп келеді. Ал әйелі ұлты басқа болғандықтан, сол елде қалып қояды. Отағасы қайтыс болғаннан кейін балалары далада қалған. Енді сондайды болдырмау үшін қандастар жесірлерінің де азаматтыққа құжат тапсырып, квота алуына рұқсат беріледі.
Заңда елімізге келген еңбек мигранттарына да бірқатар жеңілдік қарастырылған. Енді олар бұрынғыдай 9 айға емес, 1 жылға дейін емін-еркін жұмыс істей алады. Осы аралықта төтенше жағдай болып, визасының уақыты өтіп кетсе, ол автоматты түрде ұзартылады. Ішкі миграцияда жақсы жаңалықтар бар. «Еңбек» бағдарламасы бойынша белгіленген аймақтарға қоныс аударғандар конкурсқа қатыспай-ақ жер телімін ала алады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бес жыл мерзімге жалға беріледі. Уақыты таяғанда оны одан әрі ұзартуға да болады. Шарт біреу. Ол – сол өңірде тұрақтап қалу. Ал қоғам белсендісі, осы көштің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Бурахан Даханов: «Жерді ең алдымен оны игеретіндерге беру керек»,— дейді. Ал қазір солтүстікке көбіне оңтүстіктен тұрақты жұмыс таппаған мұғалімдер мен дәрігерлер қоныс аударып жатқан көрінеді.
Бурахан Даханов, қоғам белсендісі:
-Үгіт-насихатты шаруаларға жасайық. Яғни ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген диқандарға, малшы кісілерге. Қысқасы осындай адамдарға бері қарай көшуге ықпал жасап, соларға мүмкіндік беретін болсақ, міне, жаңағы беріп отырған жерлеріңізді игеріп, оның үстінде кем дегенде 3-4 адамға жұмыс бере алатын болады.
Жеңілдік бұл ғана емес. Енді олардың есепшоттары несие мәселесіне немесе басқа да шектеулерге қатысты бұғаттаулардан қорғалады. Осындай өзгерістерге толы Заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған отбасылар қазірдің өзінде біраз мемлекеттік қолдауға ие. Мәселен, отбасының әр мүшесіне 258 мың теңге бірреттік субсидия беріледі. Сондай-ақ бір жылға дейін үй жалдау ақысы төленеді. Оның мөлшері әр отбасыға емес, әр адамға 55 мың теңгеден бастап есептеледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспары бойынша биыл 7 мыңнан астам адам аталған аймақтарға қоныстануы тиіс.