ҚТЖ жаңа 118 вагон сатып алды
Депутаттық сауалға ауызша жауап алу үшін Сенатқа жауапты министрді шақыру тәжірибесі жалғасын тапты. Сенаторлардың алдына «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметі туралы баяндау үшін Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Ведомство басшысы: «Магистралдық теміржол желісі қызметтерінің тарифі 4% өсті. Бұған табыстан шығынның көптігі себеп», - деді.
Марат Қарабаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолының» кірісі шығынның тек 50-60% өтейді. Вагондар да тозған. Былтыр 118 вагон сатып алынса, биыл тағы 100 аса жаңа вагон қосылмақ. Келесі жылы да жаңаланбақ.
Сондай-ақ министр елде теміржол вокзалдарының ескіргенін айтты. Мәселен, Қазақстанда 59 вокзалдың тек 4 күрделі жөнделген. Қалғанына кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін республикалық және өңірлік бюджеттерден қаржы бөлінеді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Біреуі Қызылорда, ол өтті, тағы да үшеуі өтіп жатыр. Павлодар бизнестің әлеуметтік ЖШС есебінен істеліп жатыр және Түркістан мен Шымкент, Шымкент жеке кәсіпкердің есебінен істеп жатыр. Бірақ Түркістан жақта әкімдіктің есебінен істеп жатыр. Қалған 55-ін екіге бөліп жатырмыз.
Осы орайда атап айтсақ, «Қазақстан темір жолының» қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Компанияның басқарма төрағасы одан құтылудың бірнеше әдісін айтты. «Олардың бірі жаңағы айтып кеткен - тарифтерді көтеру, екіншісі - қарызды капитализациялау есебінен қайтару. Ал тарифтер төмен болуы үшін оны субсидиялауы керек, өйтпеген жағдайда тарифтерді көтеру қажет», - дейді Нұрлан Сауранбаев.
Қазір қарызы артқан компания шығындарын транзит көлемінің артуы есебінен өтеп отыр. Себебі 10 жылда транзит тарифі 100 есе көтеріліпті. «Компанияның экономикасы соның есебінен қалыпты деңгейде ұстап отырмыз»,- дейді компания өкілі.