Ақтөбеде саяжайлықтар электр бағасының қымбаттауына наразы
Бұған дейін қаланы жарықпен қамтамасыз етіп отырған мекеме өкілдері тарифті 38,8%-ке өсіруді жоспарлағанын хабарлаған еді. Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтініш жолдап та үлгерген. Алайда халық жаңа тариф тым қымбат деп отыр.
Ақтөбеде электр энергиясы соңғы 8 ай ішінде екі мәрте қымбаттатты. Жеке тұлғалар былтырғы маусымнан бері 10 теңге 79 тиын төлеп келсе, қазанда жарықтың құны 14 теңге 88 тиынға дейін өсті. Тарифтің тағы өзгеретініне саяжайда тұратын жұрт наразы. Себебі қазірдің өзінде киловатына 19 теңгеден төлейтін тұрғындар 30 теңгені қалтамыз көтермейді дейді.
Гүлзия Мағауина, «Тереңсай» саяжай ұжымының төрағасы:
-Жұма күні болған жиында тарифтің 38,8% өсетіні айтылды. Былтырғы маусымнан бері 103% қымбаттады. Бұл біз үшін өте көп. Саяжайларда тұратын адамдардың дені әлеуметтік осал топтан. Мүгедектер бар, көпбалалы отбасылары көп. Қарапайым электр жарығына ақы төлей алмай қалады.
Электр қуатына саяжай тұрғындары өзге абоненттермен салыстырғанда біршама артық төлейді. Себебі көшедегі жарық шамдары мен желі бойында болатын шығынды халықтың өзі өтеуі тиіс. Сондықтан саяжай иелері бағаналар мен трансформаторды қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағына өткізуді қалап отыр.
Дәурен Сафаров, «Автомобилист» саяжай ұжымының төрағасы:
-Саяжай бірлестіктерінде тариф желідегі электр қуатының шығынын, кассирдің жалақысын қосымша төлеуге тура келгендіктен қымбат. Бағанаға шығатын маманды шақырудың өзі кемінде 30 мың теңге. Мұның барлығына тұрғындар ай сайын ақша жинап отырады.
Болат Серіков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Көшелері тар, бағаналары барлығы аулаларында тұр. Ол алдағы уақытта біздерге күтіп ұстауға қиын болады. Авария болған кезде ол жерге шыға алмайды. Сол себепті оларды қайтып көшіру керек.
Электр қуатын тасымалдаушы мекеме бағаны өсіру туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне өтініш берген. Құзырлы мекеме қолдаған жағдайда 1 наурыздан бастап жаңа тариф бекітіледі.
Рүстем Арыстанов, электр энергиясымен қамту мекемесі директорының міндетін атқарушы:
-Бүгінгі таңда 28,20 болған болса, 39,16 теңгеге орта баға өсетіндігі туралы ұсыныс бердік. Оған себеп болып отырған бізге ток жеткізуші бірыңғай сатушының бағаны өсіруіне байланысты.
Қала маңында 420 саяжай ұжымы бар. Олардың тек 30-ы трансформатор мен электр желілерін коммуналдық қызмет меншігіне өткізген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков