Қазақстандық оқушы әлемнің 8 университетінен шақырту алды
Канада, Америка Құрама Штаттары және Еуропаның белді университеттері Шымкенттің тумасы Алексей Кимге қолқа салуда. 17 жастағы бозбала - халықаралық және республикалық білім байқауларының жеңімпазы. Сабақтан бос уақытында спортпен шұғылданады және волонтерлікпен айналысады. Соңғы кезде ол ақыл-есінің дамуы кенжелеп қалған балаларға ағылшын тілін үйретуді қолға алған. Ұстаздары дарынды оқушының шет тіліне қызығушылық танытуы, ерте жастан басталғанын айтады. Айта кетерлігі, Алексей туған қалада дарынды балаларға арналған алты білім беру мекемесі бар. Соңғы жылдары 6 мың 200-дей оқушы мектепті үздік бітірсе, жаһан мемлекеттерінен бес түлекке шақырту келген. Барлығы грантқа түсуге мүмкіндік алып отыр.
Алексей Ким, оқушы:
-11 сыныпқа көшкен кезде Американың Нью-Йорк қаласына оқуға түсуді армандай бастадым. Ол қалада тұру көптеген адамның мұраты емес пе, олардың қатарында мен де бармын. Құжаттарымды ол жаққа да жіберіп қойдым. Маған грантқа түсуімен мүмкіндік беріліп отыр. Қуанышымда шек жоқ.
Елена Павленко, оқытушы:
-Алексей - сабақта алғыр оқушының бірі. Өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайды. Мектепішілік шараларға белсенді қатысатынын көріп жүрмін. Қалалық, республикалық білім байқауында бірнеше рет топ жарды. Оқуда озат оқушым - ағылшын тілінен олимпиада жеңімпазы.