18 мыңға жуық жетім бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр
Елімізде жыл сайын қазақстандық отбасылар мыңнан астам жетім баланы асырап алады.
Мәселен, 21 мың бала түрлі жағдайда ата-анасынан айрылса, 18 мыңға жуығы жаңа отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балаларды отбасыларға орналастырудың жаңа тәсілдері қарастырылған.
Одан бөлек еліміздегі 7 млн баланы зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша кешенді жоспар іске қосылды. Соның аясында 9 өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылады. Оқушылар мен ата-аналары мамандардың тегін көмегіне жүгіне алады. Ал виртуалды әлемде балаларды қауіптен қорғау үшін «Кибер тұмар» бағдарламасы іске асса, буллингке қарсы «ДосболLike» бағдарламасы наурыз айында пилоттық режимде басталады.
Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:
- Министрлік үшін білім беру ұйымдарындағы қауіпсіз орта тек техникалық құралдарымен ғана шектеліп қоймай, балалардың эмоционалдық күйін де қамтиды. Достық, өзара сыйластық дағдыларын орнату үшін «Досболlike» акциясы өткізілді. Енді «Досболlike» буллингке қарсы бағдарламасы еліміздің 8 өңірінің 50 мектебінде жүзеге асырылмақ. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылуда.