Омбы қазақтары қазақша диктант жазды
Халықаралық ана тілі күніне орай Омбы қазақтары қазақша диктант жазды. Оған Мәскеу, Санкт-Петербор, Түмен, Корған мен Магнитогорск қазақтары қатысты. Бұл іс-шара алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды.
Омбы қазақтары қазақша диктант жазу іс-шарасын қатарынан үш жыл бойы ұйымдастырып келеді. Биыл бірінші рет онлайн форматта өтті. Оған тек ресейлік қазақтар ғана емес, Түркия мен Өзбекстаннан да қандастар қатысты. Кейбір Омбы мектептерінде қазақ тілі факультативтік пән ретінде оқытылады.
Былтыр жергілікті билік Омбы педагогикалық университетінде қазақ тілі пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады. Омбыда диктант жазғандардың барлығына сертификат пен естелік сыйлық табысталды. Ал онлайн-диктант 25 ақпанға дейін жалғасады.
Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы:
- Қазақ боламын десең, ана тіліңді ұмытпауың керек. Бүгінгі мереке осы біздің өзіміздің қазақтығымызды ұмытпау үшін өткізіліп жатыр.