Павлодарда Қаныш Сәтбаевтың Жоғарғы Кеңесте жасаған баяндамасының аудиожазбасы табылды
Павлодарда академик Сәтбаевтың Жоғарғы Кеңесте жасаған баяндамасының аудиожазбасы табылды. Ғалым 1959 жылы Мәскеуде және 1961 жылы Алматыда Қазақ ССР-нің құрылғанына 40 жыл толуына арналған жиында сөз сөйлеген. «Даңқты тұлға қазақ даласында тұздан басқа қазба байлық жоқ» деген пікірге жауап ретінде, геологтардың Қазақстанда 200-ден аса кен орнын тапқанын жариялайды. Қаныш Сәтбаевтың дауысы жазылған үнтаспа өңірге танымал қолөнер шебері, марқұм Бақыт Сағындықовтың жеке мұрағатында сақталыпты. Жуырда туыстары шебердің құнды заттарын музейге тапсырды. Баянауыл ауданының тумасы, қазақ халқының біртуар перзенті, аса көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлының туғанына осы жылдың 12 сәуірінде 125 жыл толады.
Әлия Жомартова, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы:
-Бұл біздің музейдің эксклюзивті жәдігері. Қазақстан ғылымы үшін өлшеусіз еңбек сіңірген атақты ғалым, жерлесіміздің дауысын есту біз үшін маңызды. Сіздер білесіздер, Павлодар халқы даңқты тұлғамен мақтанады. Сондықтан бұл өте құнды және ерекше экспонат.