Хабар телеарнасы

Жайылым тапшылығы жойылады

Ауылының іргесінде малын жаюға сынық сүйем жер таппай, қор боп келген ауылдағы ағайынның тынысы енді ашылатын секілді. Мемлекет басшысы «жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Жаңа құжатқа Қоғамдық жайылым деген ұғым енгізілді. Қарапайым тілмен айтсақ, енді жайылым жерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс.

Еліміздегі жайылым жерлердің жалпы көлемі әлемдегі мен деген мемлекеттердің біразының аумағынан үлкен болса да, ауылдағы ағайынның мал жаярға жер таппай отырғаны парадокс. Енді не өзгереді деген қисынды сұрақ туады ғой. Соған жауап іздеп көрейік.

Жер аумағы жағынан әлемде 9-шы, жайылымдық жерлердің көлемі жөнінен 5-ші тұрған елміз, халқымыздың саны 20 млн ғана. Мал жаюға жер жетпейтіндей, расымен не күн туды басымызға? Шотқа салып әуелі әлеуеметізді бағамдап алайықшы. 

Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн жайылым жерлер. Оның 26.6 млн гектары тозып кеткен. Ал жайылым жерлердің тапшылығы бүгінгі күнде 29 млн гектарға жуық.

29 млн гектар жайылым тапшы. Салыстырмалы түрде алсақ бұл Польшаның территориясына пара-пар аумақ. Яғни бүтін бір мемлекеттің аумағындай жерге мал жая алмай отырған жайымыз бар. Сонымен бүгін қол қойылған заңды қысқаша тәпсірлейтін болсақ былай. Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Түзетулер 5 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер, Орман кодекстеріне енгізілді. 

Бес бағытты қамтитын түзетулердің бірінші бөлігі жекелеген адамдардың малын жаюға арналған жайылымдық алқаптардың тапшылығын жоюға бағытталған. Осы ретте «Қоғамдық жайылым» ұғымы енгізілді. Яғни ол жергілікті тұрғындардың малын жаюға пайдаланылады. Қоғамдық жайылым жалға берілмейді. Қоғамдық жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынды. Мал шаруашылығы және мал жаю үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану нормасынан 5 жылға конкурссыз жер алу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл мақсаттар үшін жер конкурстық тәртіппен ғана беріледі.

Қалған бағыттар жайылымдарды басқару мен пайдалану жоспарларын әзірлеп бекіту талаптарын жаңарту, жайылымдардың тозуы, шөлейттенуіне қарсы күресті күшейту, ал жер пайдаланушыларға топырақ құнарының жойылуына жол бермеу, жер түріне сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалануға міндеттеу сияқты шараларды қамтиды. 

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жер ресурстарын басқару комитеті бұған дейін 2 миллион гектардан астам алқап жеке және заңды тұлғаларға конкурссыз берілген дейді. Бүгін қол қойылған Заңның жобасын қарау барысында 200-ден аса ұсыныс түсіп, 72-сі қабылданған екен.

Әсілінде бұның сыртында заңсыз берілген жер телімдерін қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Түркістан облысына тоқтала кетсек. Өңірде 600 мың гектар жайылым тапшы. Биыл 125 мың гектар алқап облыстағы ауылдардың тұрғындарына бұйырмақшы. Прокурорлар жұмыс істеп жатыр екен.

Мұрат Тлеубердиев, облыс прокуроры:
-Заңсыз иемденген жерлерді мемлекетке қайтару мәселесі бойынша талап-арыз жұмыстары жүруде. Жалпы облыс құрылған 5 жылдың ішінде 200 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлердің бәрі мемлекет пайдасына қайтарылды.

Сейітхан Айнабеков, Көлкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Тағы бір 3-4 азамат бар, ол азаматтар жақын арада өздері заңсыз қоршап алған жерлерін ашамыз деген ниетін білдіріп отыр. Егерде ол ашылған жағдайда тағы да бізде 10-12 гектар жер кеңейіп, халықтың жалпы пайдалануына өз үлесін тигізіп, жайылым кеңейеді деген үміттеміз. 

Заңға қол қойылды. Бұл дегеніміз бүгін-ертең елімізде тапшы тұрған 29 млн гектар жайылым мал иелеріне бұйыра салады деген сөз емес, бірақ құжат осы түйткілді тарқатуды мақсат ететіні алда үлкен шаруаның басталарынан хабар береді.