Хабар телеарнасы

Киберқылмыс 10 есе көбейген

Онлайн сауда оңай болмай тұр. Соңғы 7 жылда интернет сауда атын жамылған қылмыс 10 есе көбейген. «Былтыр киберқылмыстан қазақстандықтар 21 миллиард теңгеге шығынға батқан. Оның 99% интернет- алаяқтық»,— дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев. Айтуынша, былтыр 3 мың 700-ден аса киберқылмыс тіркелген. 2 мыңға жуық алаяқ ұсталса, 460-ының ісі сотта қаралыпты. Қаңтардың өзінде интернет-алаяқтық бойынша тіркелген дерек 3700-ге жуық. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17% жоғары. 2 мыңы ұсталыпты. Жалпы шығын 850 миллион теңге. Киберқылмыспен айналысатын алаяқтардың басым бөлігі шетелде отырады. Сондықтан отандық сала мамандары қылмыскерлерді ұстау үшін 69 елмен түрлі келісімдерге келген. Дегенмен бұл салаға өзіміздің үздік IT қызметкерлерді тарту мүмкін болмай тұр. Себебі тергеушінің бір айда табатын ақшасын олар шамамен бір аптада табады екен. 

Айдос Рысбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары:
-Хакерлер өз құрбандары ретінде шетел азаматтарын таңдайды. Мысалы, Еуропада отырғандар біздің азаматтарға онлайн шабуыл жасаса, елімізде отырғандар шетелдіктерге хабарласқан. Жыл соңында елордада 4 алаяқтық call-орталық анықталды. Олар тек шетелдік нөмірлерге қоңырау шалған. Жалпы киберқылмысқа баратындар ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны жою, өзгерту, бұғаттау сияқты әрекеттер жасайды.