90 күн бойы қарызын өтемей жүрген азаматтарға несие берілмейді
Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтарға несие беру талаптары қатаңдатылады. Атап айтсақ, берешегін 90 күннен асатын мерзімде төлемеген азаматтарға қайтадан несие беруге тыйым салынады. Әрі тұтынушылық несиенің шекті көлемі банктер үшін 5 млн, ал микроқаржылық ұйымдар үшін 2 млн теңге болып белгіленеді. Бүгін Мәжілісмендер осындай түзетулерді қамтитын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Абзал Еспанов - несиеге белшесінен батқан жандардың бірі. Әу баста шағын техника алып, несиеге әбден құмартқан жігіт, бүгінде миллиондаған қарызды арқалап әлек. Берешегін жабамын деп несиеге көлік те алған. Алайда бұл жолы да Абзалдың жолы болмады.
Абзал Еспанов, қала тұрғыны:
-Қыстың басында мен жол апатына ұшырап, машинам жүрмей қалды. Негізгі табысты әкелетін сол машинам еді. Қазір несиемді төлей алмай просрочкаға кеттім. Коллекторлар күнде звондап ақшаларын сұрайды.
Абзалдың күйін кешкендер қаншама. Елімізде 8,5 миллион адамның түрлі несиесі бар. Осы уақытта берешек көлемі 19 трлн теңгеге жеткен. Бірі қарызын жабамын деп қайта қарыз алады. Содан болар өтей алмай жүргендер де азаяр емес. Несие төлемін 90 күннен кешіктіргендердің қарызы бүгінде 1,7 трлн теңге.
Жағдайды реттеу үшін Мәжілісмендер заң жобасына түзетулер дайындады. Атап айтсақ, банктерге 5 млн теңгеден асатын сомада тұтынушылық несие беруге тыйым салуды ұсынып ортыр. Әрі несие көлемі қарыз алушының ресми табысының жартысынан аспауы керек деген талап қоюда.
Үнзила Шапақ, ҚР Мәжілісінің депутаты:
-Проблемалық қарыздарды бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлеу мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттерді беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі.Сыйақы есептеуге тыйым салынады.
Депутаттардың сөзінше проблемалық несиелердің 80% микроқаржылық ұйымдардан қарыз алғандарға тиесілі. Пайыздық үстеменің көптігі берешекті төлеуге мүмкіндік бермей отыр. Салдарынан былтыр 12 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған. 40 адам қарызын өтеу үшін қылмыстық жолмен ақша табуға тырысқан. «Сондықтан халық қалаулылары проблемалы кредиттерді коллекторлық ұйымдарға сатуға тыйым салу керек»,— дейді.
Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
-Соңғы екі жылда коллекторлардың банктерден және микроқаржы ұйымдарынан сатып алған проблемалық қарыз көлемі айтарлықтай өсті. Біздің дерегіміз бойынша, алынған қарыздың көлемі 359 миллиард теңге. Бұл 891 мың қарыз алушының несиесі. Біз бұл өсімді онлайн несие алумен байланыстырып отырмыз.
Расымен онлайн-несие тетігі қазақстандықтардың қарыз алу үрдісін қалыпты әдетке айналдырды. Тіпті алаяқтардың құрбаны болып, сан соққандар да көбейген. Сондықтан сала мамандары да несие беру процесінің қатаңдағаның қалайды.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
-Қаржы институттары адамдардың төлем қабілеттігі, жалақысы, басқа да несие тарихтарын қарастырмай, несие беруді өте қатты жолға қойып алған. Осы несие беру процесін қатаңдататын болса, онда халықтың мына 90% дейін несиеге кіріп кету мәселесі жеңілдейді деп айтуға болады.
Берешектен шығар жолдың бірі – банкроттық. Алайда өтініш берген 84 мың адамның 9,5 мыңы ғана бұл мүмкіндікті пайдалана алды. Сондықтан мәжілісмендер банкроттық рәсімдеріне қол жеткізуді жеңілдетуге мүдделі. Әсте бұл мәселені бір күнде шешпесі анық. Десе де бұл бастамалар қордаланған қарыздарды азайтады деген сенім бар.
Тағы бір алаңдатарлық мәселе – несие алушылардың жасы да жасарып барады. 18-20 жас аралығындағы 480 мың жастың тұтынушылық қарызы бар. Депутаттар мәселені реттеу үшін, ресми табысы бар адамдарға ғана несие беру қажет дейді. Әсте бұл мәселені бір күнде шешпесі анық. Десе де бұл бастамалар қордаланған қарыздарды азайтады деген сенім бар.
Авторлары: Дана Әлиева, Айдос Меделбеков