Шетелге жүк тасымалдаушылардың рұқсат алуы енді жеңілдейді
Мұны көлік министрлігінің өкілдері хабарлады. Қазақстан қазір 42 елмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асырады. Мамандар салаға талдау жүргізгенде рұқсат қағазын жылдың басында белгілі бір тасымалдаушылар ғана алатынын байқаған. Ал кейінен өтініш бергендерге бланк жетпей қалады. Яғни тапшылық кейде қолдан жасалған. Болжам бойынша құжатты артығымен алғандар оны өзгелерге сатып, пайда тапқан болуы да мүмкін. Себебі арнайы қағазда көліктің номері, не компанияның аты жазылмағандықтан оны кез-келген адам қолдана алады.
Алтай Әлі, ҚР Көлік министрлігінің комитет төрағасы:
-Енді бланкілерді тасымалдау фактісі бойынша беруді ұсынудамыз. Бұл нені білдіреді? Егер сізде белгілі бір тапсырыс болса, «Е-лицензия» арқылы өтініш бересіз. Ол мақұлданса компанияның атауы бар бланкі аласыз. Ондай құжат сатуға немесе үшінші тұлғаларға беруге жарамсыз болады. Барлық тасымалдаушыға теңдей мүмкіндік беріледі.