Әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейді
Қазақстан халқының 52% әйел. Бұрымдылар бүгінде сан салада еңбек етіп жүр. Мемлекеттік аппараттың жартысынан астамы қыз-келіншектерден құралса, олардың бизнестегі үлесі де 48% жеткен. Осылайша әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейіп, құқықтары жан-жақты қорғалып жатыр. Мұның бәріне әлбетте, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның тигізген әсері көп. Бүгін бұл органның құрылғанына 25 жыл толды. Астанада өткен Қазақстан әйелдері форумында комиссия мүшелері ширек ғасырлық жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларын талқылады. Ұйымның атқарған ісіне Мемлекет басшысы да оң баға беріп отыр. Жиында Президенттің құттықтауын комиссия төрағасы Аида Балаева жеткізді.
Аида Балаева, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы:
-Бұл құрылым уәкілетті органдардың, азаматтық сектордың және бизнестің күш-жігерін тоғыстыратын тиімді мінберге айналды. Ұлттық комиссияның сарапшылары заңдарды және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде белсенді атсалысып, маңызды әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асырып келеді.