Хабар телеарнасы

«Бахар» телехикаясы көрерменге жол тартады

Алдағы бейсенбіден бастап «Хабар» арнасында «Бахар» атты жаңа сериалы көрерменге жол тартады. Бұл телехикая тағдырдың мың бір сынағына қарсы тұрған мықты әйелдің өмір жолын баяндайды. Жүрекке жол табатын оқиғалар, күтпеген және шынайы эмоциялар — мұның бәрі «Бахарда»! 6 ақпаннан бастап, сағат 20.00-де «Хабар» арнасы қосулы болсын.

Бахар — екі бала тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысатын әйел. Көп жыл бұрын медициналық университетті бітірген. Бірақ сырқаттанып, төсек тартып қалған қайын атасын баптау үшін дәрігерлік мансабынан бас тартып, отбасына қарайлап кетеді.

Демет Эвгар, актриса, Бахар рөлін сомдаушы:   

- Бұл сериал мен үшін өте ерекше. Себебі Бахардың өмір жолы әрбір әйелге ұқсас. Әр адамның өз жолы бар, бірақ көбіне біз ол жолды өзімізге танытпай, басқа адамдардың жауапкершілігін өзімізге аламыз. Бахар да өз өмірін басқалардың мұқтаждықтарына арнады, бірақ шынайы өмірде әр адам өзімен бетпе-бет келіп, шындықты қабылдауы керек. Әрбір әйел өзіне деген сенімділік пен күш-қуат таба алады деп сенемін. Сериал барысында мен көрермендерге тек драманы ғана емес, өздерін шындықпен жақындастыруды мақсат етемін.

Кенеттен Бахар есінен танады. Жедел бауыр трансплантациясын жасау қажет. Оған сәйкес келетін донор тек күйеуі Тимур. Өлім аузында қалған әйел ащы шындықтың дәмін сезіп, ақыры өзі үшін өмір сүруге бел буады және медицинаға қайта оралады.

Драмалық телехикаяға Түркия мен әлемге танымал актерлер таңдалған. Сериалдың бір бөлімі шамамен бес күнде әзірленеді. Түсірілім алаңдары Ыстамбұлдың бірнеше жерінде орналасқан. Солардың бірі — аурухана. Түсірілім алаңы екенін білмесеңіз, емдеу орталығына кіріп кеттім бе деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Себебі оқиғаны анағұрлым шынайы көрсету үшін барынша кәсіби етіп жасалған. Телехикаяның деңгейі мен ауқымының көрсеткіші бұл ғана емес. Мәселен, бүгінгі түсірілімге 200-ден астам адам қатысып отыр.

Неслихан Ешилюрт, режиссёр:

- Кейбір сахналарды біз арнайы декор ретінде жасадық, ал ауруханаға қатысты жерлерді шынайы алаңдарда түсіреміз. Бірақ нақты аурухана бөлмелері мен операциялық залдарға кірмейміз. Ол үшін арнайы жасаған алаңдарымыз бар. Мұнда ауруханадағы атмосфераны сезінесіз. Қаржылық тұрғыдан да жеңіл. Күнделікті 12 сағат жұмыс істейміз. Ұжымымыз Түркиядағы ең кәсіби мамандардан құралған. Көлемі тұрғысынан ұзын метражды фильммен тең сериалдың бір бөлімін 5 күнде аяқтаймыз.

 «Бахар» өткен жылы эфирге шыққан жаңа сериал. Дегенмен қазірдің өзінде әлем бойынша көп қаралым жинап, халықтың ықыласына бөленген фильм. Мазмұны да терең. Әрі драма мен комедияны бірге алып жүру тек кәсіби мамандардың қолынан келетін іс.

Бұғра Гүлсой, актёр, Еврен рөлін сомдаушы :

- Мен Бахардың әлемнің қай жерінде болса да, өміріндегі ауыртпалықтар мен құпиялармен бетпе-бет келіп, қайтадан күш тауып, өмірге деген үмітін сақтап жүрген әйелдің бейнесі екенін айта аламын. Мұндай оқиға әрбір адамға, әсіресе әйелдерге өте жақын. Бұл күрес пен қуат толы оқиға Қазақстанда да көпшілікке ұнайтынына сенімдімін. Мен сериалдағы Еврен деген дәрігерді сомдаймын. Евреннің кейіпкері маған өте жақын, себебі оның өміріндегі қиындықтар менің өміріме ұқсайды. Ол үшін адамгершілік пен өмірге деген құштарлық өте маңызды.

Деврим Карачобаноғлұ, актёр, Уғур рөлін сомдаушы:

- Бахар — өте ерекше әрі қызықты сериал. Бұл жерде әрбір кейіпкердің өзіндік ерекшелігі бар. Ал басты кейіпкеріміз Бахар шынайы өмірден алынған күрескер әйел. Ол бәріне үлгеріп, қиындықтарға қарамастан алға басып келеді. Оның оқиғасы көрерменге өмірдің қаншалықты қиын болса да, ішінен жарық пен күлкі табуға болатынын көрсетеді.

Өмірдегі әрбір күресте мейірім мен адалдықты сақтап жүрген кейіпкерлер ерекше әсер қалдырады. Ал «Хабар» арнасының көрермені бұл сериалды 6 ақпаннан бастап көре алады.