Тазы мен төбет күні: Күнтізбеде тағы бір мереке пайда болуы мүмкін
Күнтізбеде тағы бір мереке пайда болуы мүмкін. Ол қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту саласындағы мамандарға арналмақ. Қазір экология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті бұйрық жобасын дайындаған. Айтулы күннің ерекшелігі не болмақ?
Мұрат Мансұров қазақтың құмайына бала күнінен қызығады. Қазір ол қала ортасында 15 тазы асырап отыр. Бірақ бостан бос үріп, жұрттың мазасын алмайды дейді. Тазыдан асқан ақылды итті бұған дейін кездестірмегенін айтады. Бүгінде селекция жұмысына да мән бере бастаған.
Мұрат Мансұров, мүсінші, тазы асыраушы:
-Аңшылармен әңгімелескенде олардың тазыларын көреміз. Сосын шырғадан жүйрік тазылар белгілі болады. Менде қаншықтары болса, біреулерде арландары болса, соны қосып, сосын көреміз қандай күшіктер шығатынын. Жақсы жүгіретін тазыларды қалдырып отырамын өзіме.
Қазақ тазыны жеті қазынаның қатарына қосып, ерекше қастерлегені тарихтан белгілі. Бүгінде ел бойынша ресми тіркелген бұл ит тұқымының саны 3 мыңнан асады. Әрі халықаралық кинологиялық федерацияның да оң шешімі бар. Елде тазы тұқымын сақтау және санын молайту жөніндегі заң да қабылданды.
Бауыржан Серікқали, «Қазақстан кинологтар одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
-Сол заңның негізінде Ұлттық орталық қабылданды. Сол орталық тазының тізімін жүргізетін болады. Тазыны қосады. Тиісті жарыс ұйымдастырады.
Бұдан былай тазыдан бөлек, төбетке де көңіл бөлу артпақ. Мамандардың айтуынша, бұл тұқымдар халқымыздың тарихымен тығыз байланысты әрі шығу тегі ғасырлар қойнауында жатыр. Сондықтан елдегі мерекелер тізіміне осы ит тұқымын сақтау мен көбейту саласындағы мамандарға арналған күнді енгізу жоспарланып отыр.
Бақытжан Исахаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
-3-қыркүйек кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы күні 2024 жылы 3 қыркүйекте Қазақстан кинологтар одағы Халықаралық кинология федерациясы бас комитетінде қазақ тазы тұқымы ресми түрде қорғап, Қазақстанның осы тұқымы стандартын иелену құқығын бекітті. Бұл күн дәстүрлі ит тұқымын насихаттап, халықтың тазы мен төбеттің жәй ғана жануар емес, ұлт қазынасы екенін көрсетеді.
Қазақы ит тұқымдары күні семинарлар, көрмелер және түрлі іс-шаралар өткізілмек. Сонымен қатар бұл мерекенің бекітілуі ит өсірушілерге, кинологиялық ұйымдарға тәжірибе алмасуға және жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Досжан Ысқақов