Мемлекет басшысы үздік әйелдерді марапаттады
Бүгін Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл жолы түрлі салада әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге 6 аталым бойынша марапат табысталды. Ғылым, агробизнес, креативті индустрия, ұлттық мәдени мұраны насихаттау бағыттарындағы үздіктер анықталып, қошеметке бөленді. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Президент қыз-келіншектер қауымын мерекемен құттықтап, елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 8 наурыз – Көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, Сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет.
Тағы Мемлекет басшысы қазір Парламент пен мәслихаттарда әйелдердің үлесі артқандығын атап, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Өйткені Отанымызды дамытуға қыз-келіншектер елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдер де аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс.